Біздің түсінігіміздегі миллионерлер тамақтың ең дәмдісін, киімнің ең сәндісін алатын болып көрінеді. Дәмдісі мен сәндісі ғана емес, ең көбі де солардың еншісінде деп ойлаймыз. Алайда, кей жағдайда қателесуіміз әбден мүмкін. Байқасаңыз, Марк Цукербергті фейсбук жобасын таныстырғалы бері сұр футболкамен ғана көреміз. Бұл оның сүйікті киімі ғана емес, мұндай жағдайдың өзіндік себептері де бар.
Цукербергтен өзге миллионерлер – британ-америкалық режисер Кристофер Нолан да, атақты жазушы Элис Грегори де, айтулы арт-директор Матильда Каль де осы әдетті құптайды, яғни күнделікті киім ауыстырудан бас тартады.
Қазір сән өндірісі қарқынды дамып келе жатқанымен, капсулдық гардероб көп сұранысқа иеленіп жүр. Капсулдық гардероб небары 10-15 қабатталған нәрседен құралады. Бай да бақуатты кісілер дәл осы гардеробты таңдайды.
Қабылдайтын шешімдер азаяды. Цукерберг былай дейді: «Мен миллиардатаған адамдарға қызмет етіп, жақсылық жасау үшін оянатынымды бақытыма балаймын. Өзім қабылдайтын шешімдер ішінде қоғамға қатысы жоқ нәрселерді мейлінше қысқартқым келеді. Ал не киетінім жөнінде ойлануға уақыт құртсам, өз ісімді толық атқара алмай қалатындаймын».
Артық ойдан арыламыз. Айна алдында тұрып "Бұл тым ресми емес пе?", "Ал мынау ашық-шашық көрінеді", "Бұл киім дене мүсінімді бұзып тұрады екен", "Мынау болса аса салтанатты кештерге арналғандай", "Ал мұнымен қандай сөмке ұстаймын?" деп күбірлеу бәрімізге таныс болар. Осынша артық мәселемен қоштасатын күн жетті.
Уақыт үнемдейміз. Күн сайын таңертең тұрғанда не ұйқыға жатар алдында не киерімізді білмей дал боламыз. Біраз уақыттан бері киілмеген көп киімнің бірін таңдауға, оны басқасымен үйлестіруге жіберетін уақытыңызды есептеңіз. Бірін шешіп, бірін киіп, бір шешімге келдім-ау дегенде, оған жаңадан киетін киіміңізді үтіктеуге кететін уақытты қосыңыз. Осылай жүргенде жұмысқа не кездесуге кешікпесіңізге кім кепіл?
Әдетте, киімі көп кісі "Не кисем екен?" деген сұрақпен жиі бас қатырады. Ал киім көп болған сайын, күтім де көбейіп, әрқайсысын жуып-тазалау, үтіктеп, жинау үшін қуатыңыз шығындалады. Жетістікке жеткісі келетін жан қуаты мен уақытын мұндай істерге арнамайды.
Артық ақша жұмсамаймыз. Киім жинайтын сөреңізге көз салыңызшы. Ол жерден, міндетті түрде ешқашан үстіңізге ілмеген киім де табылады. Олар, тіпті бірнешеу болуы да мүмкін. Енді көрсеқызарлықпен алынған, пайдаланылмаған бұымдарға жіберген ақшаңызды есептеп көріңіз. Мұндай киімдерді жақындарыңызға беріп не өзге бұйым жасап құтылыңыз. Киім текшеңізде тек ыңғайлы да жиі киетін киімдерге орын беріңіз.
Миллионерлер жоғарыдағы жайттарды ескере отырып, көп ақшаға бірнеше сапасыз бұйым алғанған қарағанда, бір сапалы киім алып, соны үнемі киіп жүруді қолдайды. Ал сіз қай нұсқаны таңдайсыз?