Пенжак пен қол орамал – бір-бірімен керемет үндестік табатын стиль. Киімнің түсі мен түрін сәйкестіре білсеңіз, бұл екеуінің де сізге жарасары анық. Қол орамал көпшілік ортасында сізді ерекшелеп тұруы тиіс. Оның түсі өзгелердің назарын сізге бұруы қажет. Мысалы қол орамал мен жейдеңіздің түсі, матасы сәйкес болса, классикалық қара шалбар мен әдемі қара аяқ киім сіздің бейнеңізді аша түседі.
Сапалы қол орамалдар көбіне жібек, зығыр, мақтадан тігілуі тиіс. Олардың жиектері қолмен тігіледі. Егер галстук жібек матадан болса, үстіңіздегі костюммен үйлесімді болуы үшін қол орамалдың мақтадан тігілегінін алғаныңыз абзал. Егер галстуктың матасы қалың болса, онда жібек матадан тігілген орамал алғаныңыз дұрыс. Ал жүннен не кашемирден тігілген орамалдарды блейзерлермен ұстанғаныңыз жөн.
Классикалық стильде киінуді ұйғарсаңыз, қол орамалдың түсі мен матасы галстукке сай болуы тиіс. Тұтынушылар таңдап, іздеп әуреленбеу үшін қазіргі нарықта галстук пен қол орамал бірге шығарылып жүр.
Егер сіз өз стиліңізде жаңалық тудырғыңыз келсе, мына кеңеске құлақ түріңіз. Мысалы, сіздің стиліңіз классика дейік. Бірақ достармен бас қосуда өзіңізді өзгерткіңіз келді. Ол үшін сізге түрлі түсті жібек қол орамалды классикалық пенжагыңыздың қалтасына салсаңыз болады. Жейдеңіз ақшыл сұр түсті, сұрғылт галстук, қара туфли мен қара шұлық және түрлі-түсті орамалыңыз сізді басқа қырыңыздан көрсетеді.
Орамалды бүктеу үлкен рөл атқарады. Қол орамалдарын бүктеудің неше түрі бар. Көзге салмақты болып көрінетіні «президент» деп аталады, ал ең қарапайым әрі жеңіл түрі «диагонал бойынша бүктеу», «тік бүктеу» секілді, т.б.
«Президент»
Бұл үлгіні ақ түсті жібек не зығыр орамалдармен жасай аласыз.
Бір бұрышты
Бұл үлгі барлық пенжакпен үйлесім табады. Тек түсін үндестіре білсеңіз, болғаны.
Екі бұрышты
Ал бұл үлгі үшін түрлі-түсті орамал жарамайды. Бұл үлгі салқынқандылықты, салмақтылықты талап етеді.
Бір ескерлік жайт, қол орамалдарын тек қана сән үшін тағыңыз. Оны гигиеналық сүлгі ретінде қолданбаңыз. Бұндай сән үлгісін күнделікті киіп жүрсеңіз, «дәмін кетіріп» алатыныңызды естен шығармаңыз.