Әшекей бұйымды қыздар ғана тағады деген стереотип бар. Мұның өтірік екенін дәлелдеу үшін ер адамға арналған аксессуарлар мен әшекейлер үшін арнайы материалымызды ұсынамыз.
Бірінші кезекте аксессуар мен сән әшекейлерінің батыстық атауларына назар аударайық. Мәселен еуропалықтар сақина, жүзік, білезік (браслет), мойыналқа, ілмек және тағы да басқаларын тек сән үшін тағады. Ал сағат, жеңілгек (көйлектің жағасы мен жеңінің тесігіне өткізетін ілмек), галстук қыстырғышы сияқты заттар белгілі бір мақсатпен, арнайы қызмет атқару үшін тағылады. Мәселен, сағат уақыт көрсетеді, галстук қыстырғышы галстукты қысады, жеңілгек түйменің орнын алмастырады. Және келесіде ғана оның сәнді болуына назар аударамыз. Бүгінгі әңгіме тек сән үшін тағылатын аксессуарлар жайлы болсын.
Киімнің басты мақсаты бізге жылу беру болса да, кейінде оның миссиясы түбегейлі өзге бір концептке ауысты. Киіміміз арқылы біз адамдарға өзіміз туралы ақпарат береміз, өз көңіл-күйімізбен бөлісеміз. Сән әшекейлері жайлы да осылай айтсақ қате емес.
Ер адамдардың сән әшекейін тақпайтыны заңды да. Себебі ер адамның киім гардеробы мен аксессуарлары, шаш үлгісі дұрыс болса жеткілікті. Ал бірақ ерлердің сән әшекейлерін тағып жүргеніне қорқа қараудың қажеті жоқ. Әркімнің де қандай стильді таңдайтынын өзі шеше аларлықтай құқығы бар. Тек шамадан тыс болмаса болғаны...
Әшекейді қалай тағу керек?
Егер әшекей тағуға бекінсеңіз, кейбір заңдылықтарын біліп алғаныңыз жөн. Ал оның ең бастысы – әшекей тым көп болмауы керек. Сән әшекейінің мақсаты егесінің көңіл-күйін білдіру керек, бірақ заңдылықтарды сақтамайтын болсаңыз сырт көз сізге емес, әшекейіңізге бар назарын аударады.
№1 заңдылық
Әрине, мектеп оқушысы болсаңыз, ірі бизнес команиясында жұмыс істейтін болсаңыз, жұмысқа білезік пен салпыншақты тағып баруға болмайды. Ер адамдар сән әшекейлерін тек күнделікті жағдайда ғана тағуы керек. Мұнда неке сақинасы ғана қатардан тыс киілетінін ұмытпайық.
№2 заңдылық
Жарасымдылық бірінші орында. Білезігіңіз немесе кулоныңыз киіміңізбен жарасымды болғанын қадағалаңыз. Егер әшекейіңіз былғарыдан жасалған болса, оның түсі белдігіңізбен немесе аяқ киіміңізбен сәйкес болсын. Сөмкеңізбен де сәйкестендіруге болады. Ал егер металлдан жасалса, белдігіңіздің темірімен бірдей болғаны жөн.
Мұнда да неке сақинасының түсі қатардан тыс қарастырылу керек. Ал егер сән әшекейлеріңіз көрініп тұрсын десеңіз, ақшыл түсті киім киіңіз.
№3 заңдылық
Сән әшекейлерін тематикасы мен көңіл-күйге байланысты үш топқа бөлуге болатынын біліңіз. Бұл үш топ та бір-біріне өте жақын, сол себепті оларды шатастырып алу қаупі басым. Бірақ бұл үш топқа «печатка» деп аталатын ірі жүзік пен алтын шынжырларды қоспау керек.
Бұлардың орнына былғарыдан, матадан жасалған әшекейлерге көңіл бөліңіз.
Ерлер бижутериясы: стиль мен бағыт
Сонымен, ер адам әшекейлері жайлы айтқанда мына үш топты айтамыз.
Серферлерге арналған бижутерия. Бұл өнімдер табиғатқа жақын. Ағаш, керамика, табиғи тас, қабыршақ, мата – бұл шикізаттар бауға сабақталып, олардан суреттегідей әдемі кулон немесе браслет жасалады. Мұндай бижутерия көбінде шорты мен футболкаға жақсы үйлеседі.
Келесі топтағы әшекейлер түр жағынан бірінші топқа өте жақын. Десе де өзіндік ерекшеліктері бар. Былғарыдан, матадан, металл құйындыларынан жасалған түрлі әшекейлер көбінесе жастарға жарасады. Бірақ мұнда да тематикаға орай, ересектерге арналған түрлері бар екенін ескеріңіз.
Бұл әшекейлерді балағы қайырылған чиноспен кисеңіз сәніңіз арта түспек.
Ал үшінші топта барынша үлкен, ірі әшекейлер қарастырылады. Олар темірден және ірілеу етіп дайындалған тастардан жасалады. Бұл әшекейді тағуға жүрексінбейтін еркектер тату жасауға құмар келеді екен.
Білезіктерді қай қолға таққаным жөн? Оларды сағатпен бірге тағуға бола ма? Браслет пен сағат бір қолда болса ешқандай сөкеттік жоқ. Керісінше, мұндай сән жарасымды әрі әдемі көрінеді. Тіпті екі қолға: біріне сағат, біріне браслет таққанша, екеуін де бір қолға таққаныңыз әдемірек болмақ.
Көріп отырғаныңыздай, ешқандай да ұяттығы жоқ. Тіпті талғамның төмендігі туралы әңгіме де артық. Ал қазақ жастары көбінде этникалық стильдегі браслеттерді таға бастағанын байқаймыз. Бір қызығы, осы этникалық стильдегі әшекейлерді классикалық киімдермен тағып, эксперимент жасап көруге болады.Кулондар туралы әңгіме басқа. Кулон алар кезде оның қандай металлдан, қалай жасалғанын толықтай тексеріңіз.
Себебі дизайнерлік идеясы бар, сапалы кулон табу өте қиын. Ал әлемдік бижутерия өндіруші ірі өндірушілер Қазақстан нарқын жаулап үлгермеді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: game-plus.net