- Негізгі бет
- Стиль
- Галстук акссесуарларын қалай...
Галстук акссесуарларын қалай қолданамыз?
Сән әлемінде қосымша бұйымдар үлкен рөл атқарады. Өйткені, олар тамаққа дәм беретін дәмдеуіштер секілді киімнің сәнін келтіріп, өң беріп тұрады. Әрине, талғаммен үйлестіріп қолданса. Сондай бұйымдардың бірі – галстук қыстырғыштары. Ол ас ішкен кезде галстук кедергі келтірмеу үшін, жүгіргенде ары-бері ұшпау үшін керек. Бүгін сіздерге галтсукке арналған қыстырғыштар, түйреуіштер туралы ақпарат береміз.
Негізінен галстукке арналған үш түрлі қосымша бұйым бар. Олар – қыстырғыш, түйреуіш және бау. Олар түрлі металдан не пластиктерден жасалады.
Галстукке арналған қыстырғыш
Бұл – бүгінгі таңда кең тараған бұйым. Оны «жұмыс істеу механизмі» киім кептіруге арналған қыстырғыш секілді. Қыстырғышты жейденің үшінші және төртінші түймелердің ортасына галстукті қыстыру керек. Және де міндетті түрде көлденең бағытта бекітіледі. Егер сіз пенжактың алдын қаусырып қойсаңыз, қыстырғышты жаңағы деңгейден сәл төмен бекітесіз. Қыстырғышты түрлі қалыпта, түрлі мөлшерде, түрлі материалдан, соның ішінде бағалы металдардан жасайды.
Есіңізде болсын! Қыстырғышты таңдау кезінде үстіңіздегі киімдердің түстерімен де «санасыңыз». Мысалы, егер қолыңыздағы қолсағатыңыз алтын түсті болса, қыстырғыштың да алтын түсті болғаны дұрыс. Қыстырғыштардың кейбіреулері жейденің жеңіне арналған түйреуіштермен бірге келеді. Олар бір-бірімен үндесіп, ажарыңызды аша түседі. Тағы бір ескерерлік жағдай, қыстырғыш галстуктің енінен ұзын болмауы тиіс. Галстуктің енімен бірдей не одан сәл қысқа болуы керек.
Галстукке арналған түйреуіш
Бұл аксессуар галстукке арналған қыстырғыштан мүлдем өзгеше. Және бүгінде ерлер бұл бұйымды көп қолдана бермейді. Себебі, түйреуіш галстукте кішкентай ғана із қалдырып, тесіп кетеді. Сондықтан бұл аксессуарды қарапайым галстуктен гөрі тоқылған галстукпен таққан дұрыс. Сәйкесінше, түйреуіштің ізі қалмайды. Бірақ бұрындары ерлер галстуктерін қыстырғыштан гөрі түйреуіштермен жиі бекіткен екен. Галстук түйреуіштері қыстырғыш секілді түрлі формада, түрлі материалдан жасалған.
Галстукке арналған бау (алқа)
Бұл аксессуар түймеге арналған саңылауы бар жұқа темірден және шағын шынжырдан тұрады. Ертеректе оны тек алтын мен күмістен жасаған екен. Қазіргі таңда бұл бұйым қолданылмайды, тек мұражайларда ғана кездеседі.
Сонымен қатар, галстуктің түйіншегі мен жағаларға арналған қосымша бұйымдар да бар.
Мысалы, жағаға арналған қыстырғыш, түйреуіш секілді. Олар бүгінгі таңда тұрмыста сирек кездеседі. Олар да жейденің жағасына саңылау қалдыратын болғандықтан, ерлер көп таға бермейді. Тек салтанатты кештерде, тойларда, атаулы күндерде ғана сән үшін тағады. Бірақ қазір жағалары түймеленген жейделер де шықты. Кішкентай ғана түйме жейденің жағасын бекітуге арналған. Дизайнерлер мұндай жейделерді офистік үлгіде киген абзал дейді.
Бірақ қандай киім алсаңыз да, таңдау кезінде ең бірінші сапасына мән беріңіз. Бір киген соң, пайдаға жарамай қалса, бекер шығындалып қаласыз. Сапа мен талғамды қатар ұстап жүрсеңіз, өзіңізге жақсы.
Е. Жұмабайұлы