- Негізгі бет
- Стиль
- Ерлерге арналған қысқа...
Ерлерге арналған қысқа шалбар (шорты) таңдайық
Жаз жақындап келеді. Оның үстіне соңғы жылдары дизайнерлер бұл киім түрін тек спорттық немесе үйге киетін етіп емес, көше стиліне де жақындатты.
Short – бұл қысқа шалбар. Ағылшын тілінде «short» қысқа деген мағынаға ие. 19 ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап бұл атрибут колледждер мен гимназия оқушыларының негізгі киімі ретінде танылды. Ер балалар оны кәмелеттік жасқа дейін ғана киген, ал бұл жастан өткен соң бұл киімді кию ұят саналған. Жалпыға ортақ осынау қалыптасып кеткен заңдылыққа америкалықтар бірінші болып қарсы шықты. Ал еуропада қысқа шалбар олардан 20 жыл өткен соң ғана киіле басталды. Сөйтіп, бүгінге дейін қысқа шалбарды барлық елдің ер азаматтары кие бастады.
Қысқа шалбар киімінің моделі өте көп. Біз солардың жазда ер адам кие алатын ең негізгі делінетіндеріне тоқталайық. Джинсыдан жасалған қысқа шалбар әуелден-ақ классикаға жатады. Оларды әрбір жастағы ер адамдар кие беретін болды.
Қысқа шалбар киімінің консервативті моделі бриджи деп аталады. Оның балағы тізе мен одан да төмен болады. Бриджиді күнделікті жағдайларда да, демалыста да кие беруге болады.
Ал тағы да бір түрі – карго деп аталады. Бұл қарапайым әскери тегі бар каргодан қысқа болуымен ерекшеленеді. Оның да қалталары үлкен әрі екеуден көп болады. Карго қысқа шалбарлары әскери жасыл түсті болады және ресми кездесулерге киілмейді.
Ал жазғы тағы бір моделі – бермуд. Бұл сәнді нұсқа тізеден жоғары болады. Бермудтарды жейдемен, пиджакпен, етікпен, галстукпен де үйлестіріп киюге болады.
Бұл жазда дәстүрлі қысқа шалбар мен мүлдем өзгеше дизайндағы қысқа шалбарлар сәнде болмақ. Мәселен, өте кең қысқа шалбарлар сәнде болады дейді дизайнерлер. Ұзындығы әркімнің өз талғамы бойынша киіле берсе болады. Бірақ дәл осы жаздың трендінде тізеден төмен қысқа шалбарлар өзекті болады екен.
Ер адамдарға арналған қысқа шалбарлардың матасы әрқандай болып келеді: деним, мақта, зығыр, трикотаж, жібек, атлас, тіпті былғарыдан да тігіледі.
Түсіне келер болсақ, дәстүрлі саналатын ақ, қара, сұр түстерге қарағанда қою сары, сары, жасыл, лимон түстес, қызыл түстілері сәнде. Өзекті саналатын тағы бірі этникалық стильдегі ою-өрнек салынған қысқа шалбарлар.
Қысқа шалбар киімінің барлық түрі де жейдемен, футболкамен, майкалармен жарасады. Тіпті кейбір мамандар қысқа шалбар киімін кардиганмен, жемпірмен, тіпті пиджакпен үйлестіруге болатынын айтады. Ал аяқ киімге келсек, қысқа шалбармен көбінде кроссовка мен сүйретпелер үйлеседі. Былғарыдан тігілген сандалилер мен матадан тігілген аяқ киімдер де сәніңізді қашырмайды. Ең бастысы – сандалиді шұлықпен кимегеніңіз абзал.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: esquire.com, ru.aliexpress.com, shoptema.ru
А. Құлтай