Ерлерге арналған әшекей: Қол сағаты

Қол сағат бүгінде ерлердің жалғыз бағалы әшекейі болуға тұрарлық бұйымы. Одан бөлек, сырға, пирсинг, мойынға әр түрлі моншақ, білезікті күнделікті таққанға ерсі. Кейде ерлерге арналған жүзік, “печатка” тағуға болады, бірақ әшекей-бұйымдардың саны арнайы бір кештерде болмаса, сонымен шектелгені жақсы жақсы.

Әшекей таққыңыз келсе, қалтаңыз көтеретін ең қымбатын, жарасымды әрі сапалысын алыңыз. Әшекей сатып алғанда ақша үнемдеп, арзанына жүгіру дұрыс емес. Егер өзіңіз ұнатқан қымбат жүзікке немесе қолсағатқа ақшаңыз жетпесе, немесе қимасаңыз, онда ешқандай әшекей тақпай-ақ қойсаңыз да жұрттан кем болып қалмайсыз.

Арзан әшекей мен арзан қолсағаттар сәнбұзарлар болып табылады. Әрине бойтұмарға кешірім беруге болады, өйткені ол әшекейлік үшін емес. Егер бойтұмар үстіңдегі бір де бір киіммен үйлеспесе, онда оны жасырып қою керек. Намыстанғандықтан немесе көрсетуге ұялғандықтан емес реті солай. Сонымен, қол сағат еркектің жалғыз әшекейі дедік. Яғни, сағатты уақыт қарау үшін сатып алудың бүгінде мәні құрыды.

Себебі, уақытты қалтафонымыздан да қарай аламыз. Ал әшекейге қойылатын талап — ең алдымен сәнділік пен жоғары сапалылық. Сондықтан 500-2000 теңгелік қытайдың сағаттарын мектеп оқушыларына қалдырғанымыз жөн. Жарнамалық акциядан ұтып алған фирмалық сағаттарды да мектептегі інілеріңізге бере салыңыз.

Сағатты таққанда сәл бостау қылып тағады. Қолсағаттың бауы метал емес, теріден жасалған болса, онда оның түсі белдік пен аяқ киім түсіне сәйкес болғаны дұрыс, сондықтан қолсағатыңызға ауыстырып салуға болатын бір қара түсті, бір қоңыр түсті бауы запаста болса ыңғайлы. Сағат үлкендігі білегіңізге сай болуы тиіс. Тым үлкен “шайба” қолсағаттар білегіңізді жіңішкертіп, ал тым кішкентайы, сәйкесінше тым жуан етіп көрсетеді.

Содан кейінгі ескеретін нәрсе, қолсағат сіздің әлеуметтік статусыңызға сай болуы керек. Егер жұмысыңызда ұстамды киіну керек болса, онда неғұрлым классикалық сағаттар таққан дұрыс. Тым болмаса қызмет орныңызда. Экономист, дәрігер, заңгерлер өне бойы ұстамдылық пен салмақтылықты суреттеп тұруы тиіс. Сондықтан оларға швейцариялық классика жарасады.

Дизайнер, “жарнамашы”, әнші, думаншылар классикадан ауытқып, өз елден еректігін қолсағаттың ерекше дизайны арқылы білдіре алады . Сағат сатып алар кезде өте мұқият болмасаңыз, ебедейсіз, жараспайтын әлденені тағып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, сатып алмас бұрын сағатыңызға қоятын талаптарыңызды белгілеп алыңыз, қандай метал, бағасы, функциялары, фирмасы т.б.

Қол сағат алар бұрын бірнеше нүктені қарап, ұнайтын сағаттарды тағып көріп, бірнеше нұсқасын белгілеп, бір ұйқтап тұрып, есіңде ерекше қалғанын таңдаған дұрыс, немесе өзіңіз сенетін құрбыңызды алып әлгілерді көрсеткеніңіз жөн.

Сағат өте қымбат болса, оның танымал маркадан болғаны жақсы. Егер арзандау болса, маркасы танымал болмағаны жақсы. Иммидждік маркалар болып Audemars Piguet, Breguet, Frank Muller, Vacheron & Constantin, Ulysse Nardin, Chopard, Rolex, Patek Philippe, Zenith, т.б бірнеше сауда белгілері саналады, ал сапасы мықты, аса қымбат емес, бірақ (500 долларға дейін) танымал маркаларға Swatch,TISSOT және CANDINO жатады. Одан төмен бағалық қатарда Casio,Timex деген сауда маркаларының өнімдері бар.

beu.kz