Қазір ерлер де, әйелдер де жейде мен ерлер іш көйлегін (сорочка) ажырата алмайды. Нәтижесінде оларды таңдап, орнымен киюде қателеседі. Заманауи жейде мен іш көйлектің сыртқы үлгілері бірдей. Бар айырмашылық тек мынада дерлік: іш көйлек жұқа матадан тігіледі, сондықтан ол ыңғайлы, денеңіз жақсы дем алады. Жейде ер адамның гардеробынан міндетті түрде табылатын киім болса, іш көйлек тек қана іскерлік кездесу мен салтанатты шараларға киіледі.
Ерлер іш көйлегін қалай таңдау керек?
Көбі классикалық ақ түсті іш көйлекті таңдап жатады. Оны күнделікті жұмысқа киетін костюм мен салтанатты шараларға киіп баратын костюмнің ішінен киюге болады. Біз де осы нұсқаны ұсынсақ дейміз.
Мысалы, қайырылған қос манжеті бар іш көйлекті арнайы салтанатты шараға кию керек. Қос манжет барынша ұзын болғандықтан, оны стильді запонкимен тағып қою сәнді көрінеді. Бұдан бөлек, өндірушілер іш көйлекті бір матадан, манжетті басқа матадан тігіп жүр. Стилистер ер адамның гардеробында іш көйлектің бірнеше түрі тұруы тиіс дейді. Іш көйлек таңдағанда, оны қандай костюммен кигелі жатқаныңызға мән беріңіз. Салтанатты шараға француз манжетті іш көйлек, ал басқа жағдайларда кәдімгі манжетті таңдаған дұрыс. Запонкиді де бірге таңдауды ұмытпаңыз.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: vk.com