Ерлердің киім атаулары

Күнделікті өмірде киім кию әрі оның атауын білу маңызды. Себебі біз барлық киімдерді бірдей атай береміз. Негізінде олардың өз атауы бар. 

СЫРТ КИІМДЕР

Ер адамның сырт киімдері

Аба – киім сыртынан киетін жамылғыш.

Қамзол – жеңсіз жеңіл киім.

Бешпет – тік жағалы, ұзындығы тізерлікке жететін, астарлап тігілген жеңіл киім.

Шалбар (аяққап) – қой терісінен не матадан тігілген, балағы аяқ басына жететін, бұтқа киетін киім. Тігілу үлгілері мен материалдарына байланысты түрі көп. Мысыла: түймелі шалбар, тері шалбар, жарғақ шалбар, елтірі шалбар, қырықпа шалбар, қап шалбар, сырма шалбар, сал шалбар.

Сым – 1. Екі балағына белдіктен төмен, ені екі елідей жіңішке сым тартылып теріден тігілген ертедегі шалбардың бір түрі. 2. Матадан тігілген шалбар.

Сақсыр – тар балақты, жұмсақ материалдан тігілген шалбар.

Кеудеше – жас түйенің иірілген жүнінен не түбіттен тоқылған жағасыз, жеңсіз тоқыма.

Қаттау – қалың кездемеден тігілген кеудеше.

Кебенек – күзем жүнінен сұрыпталып, жаңа басылған киізден бітеу тігілген, боранда, жауын-шашында киетін сырт киім.

Күме – арасына түйе, қой жүнін салып, шүберекпен астарлап, тыстап, сырып тігілген жылы киім.

Жадағай – астарсыз не жұқалап қой жүні салып астарланған жеңіл сырт киім. Далбағай, далбай, жолбай деп те аталады.

Шапан – астарына жүн не мақта салып сырып тігілген не астырсыз сырт киім.

Желең – кең, жеңіл жұқа шапан.

Қара шапан – жібектен өзге матадан тігілген шапан.

Қаптал шапан – жұқа, сырмалы, жағасыз, етек ұзындығы тізеге, кейде одан да төмен түсетін шапан.

Күпсер – қаптал шапанның бір түрі.

Күмпей шапан – арасына түтілген түйе жүні қалың салынып сырылған, сырау аралығы күмпиіп тұратын шапан.

Қималы шапан – қынама шапан.

Шеге шапан – мақұлдасуға келген жаушыға кигізетін шапан.

Шапанша – кішкене жеңіл шапан.

Шекпен – жүннен иіріліп, өрмекпен тоқылған сырт киім.

Бозшекпен – боз түйе жүнінен тоқылып тігілген шекпен.

Биязды шекпен – түйе жүнінен түйін қосып тоқылған шекпен.

Шидем шекпен – түйе жүнінен тоқылып астарланған, сырылып тігілген шекпен.

Има (име) шекпен – биязды жүннен сәндеп тоқылған жеңіл шекпен.

Қаптама шекпен – сырты тысталған қалың киім.

Мая жүн шекпен – мая (түйе) жүнінен тоқылған, жауын-шашында киетін ұзын сырт киім.

Ішік – іш жағына аңның, малдың терісі салынып, сыртқы жағы бағалы матамен тысталған жылы сырт киім. Ішік түрлері: түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік, құндыз ішік, бұлғын ішік, жанат ішік, қоян ішік, пұшпақ ішік, зерлі ішік.

Қамқап – қамқа терісінен істелген аса бағалы ішік.

Тайжақы – құлын, тай терісінен иленіп, астарланған, көктемде, күзде киетін ішік.

Тон – иленген қой терісінен, жүнін ішіне қаратып тіккен жылы қалың сырт киім. Тонның түрлері: жабағы тон, бүрмелі тон, қаптал тон, жарғақ тон, былғары тон, тұлып тон, шолақ тон, зерлі тон, қырықпа тон, іштік тон.

Іліктон – құдалыққа барғанда сыйға тартылатын әдемі тон.

Шентон – лауазымдылық киім, мундир.

Оқалы тон – оқа, түйме тағылған, сыйға тартылатын әдемі тон.

Күпі – 1. арасына жүн салып, тысталып тігілген қыстық сырт киім. 2. матамен тысталған тері тон.

Күрте – былғарыдан не арасына мақта салып, матадан тігілген жылы сырт киім.

Сырма – арасына жүн не мақта салып немесе жай сырып тігілген сырт киім.

Мәллә - басқы, диуаналардың ұзын сырт киімі.

Жеңде – бақсылар мен серілердің түрлі түсті кездемені қарап, әшекейлеп тіккен сырт киім.

Шалма – түйе жүнінен не түбіттен тоқылған, мойынға салатын орамал.

Шобыт – ескі-құсқы киімдер.

БАТЫРЛАР КИІМІ

Бадана – темір торлы сауыт.

Торғауыт – сауыттың бір түрі.

Аймауыт – жиі торлы сауыт.

Ақкөбе- сауыттың көп түймелі түрі.

Көбе – қалың темір қаптама.

Берен – болаттан жасалған сауыт.

Ақсауыт – берік сымнан көз-көз етіп тоқылған сауыт.

Пыран – сауыттың сәнді және берік түрі.

Дулыға – темірден, жезден жасалған қылыш кеспес, найза, садақ оғы өтпес бас киім.

Жыға – төбесі үшкір, маңдай алды қабақ-қасқа түскен, желке жағына мойынды айнала 1-1,5 қарыстай шынжырлы бау тағылған, соғыста киетін бас киім.

БЕЛБЕУЛЕР

Дембет белбеу – күмістелген, күміс жапқан белдік.

Күдері белбеу – жұмсақ иленген бұлан не бұғы терісінен жасалған белдік.

Кісе белбеу – 1. адамның әлеуметтік дәрежесін танытатын сәндік белбеу. 2. қару-жарақ ілінетін белдіктің ең көне түрі.

Кемер белбеу – бетіне алтын не күмістен өрнекті жапсырма бекітілген, ішік, тон, шапан сыртынан буынатын жалпақ сәнді былғары белбеу.

Көнте – қон теріден жасалған қалың, жалпақ белдік.

www.soyle.kz