Әдетте іскер ерлер өз бөлмесінің жинақы әрі тыныш болғанын қалайды. Бауыржан Момышұлы «Мой беспорядок – это мой высший порядок» демекші, жеке кабинеттің аурасы иесіне ғана ұнауы тиіс.
Жеке кабинет интерьеріндегі басты қағида мына үш тағанға негізделеді: симметриялық, бейнелілік, бірқалыптылық. Бұйымдардың не жиһаздардың белгілі бір ретпен орналасуы, олардың көзге оғаш көрінбеуі және түстермен үйлесім табуы – міне, ерлер бөлмесінің аурасын қалыптастыратын құрауыштары.
Стильдік басты материалы – металл. Темір, алюминий, қалайы болса да бәрібір. Бастысы, бұйым суық көрінуі керек және аса жылтырамауы тиіс. Металл бұйым ағашпен, таспен үйлесім табады.
Ал заттың көлемі үлкен болса, соғұрлым әдемі көрінеді. Қабырғаға үлкен сағат, ақ-қара түсті суреттер іліп, кабинеттік ажарын ашуға болады. Ақ-қара, сұр, қоңыр түстер ерлердің жеке кабинетін аша түседі. Қара түс салтанаттың түсін білдіреді, сонымен қатар бөлме ішіндегі кез келген бұйым түсімен үйлесім табады. Бөлмедегі салқынқандылық пен салмақтылықты ашық түстер бұзады.
Кейбір ер адамдар жеке бөлмесінде классиканың исі сезілгенін қалайды. Құнды заттармен безендірілген бөлме шығармашылықпен айналысатын ерлерге арналған.
Үштағанды шам, өзгеше метал аспа шамдар, абстрактілі суреттер, шыны үстел, үлкен терезе, құм сағат, үлкен кітаптар, ерекше жиһаз бөлменің сәнін ашатыны сөзсіз.