Ер адамдардың киіну стилінде маңызды рөл атқаратын шұлық жайлы сөз қозғамай кету дұрыс болмас. Сән мен стильді дұрыс үйлестіре алмаған кей бозбалалар шұлық таңдауда көп қателесіп жатады. Шұлықты қалай кию керек? Түсін қалай үйлестіру керек? Бүгін біз осы сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.
Ақ түсті шұлықтар. Мұндай түсті шұлықтарды көбіне тазалыққа жаны құмар жігіттер таңдайды. Ақ түсті шұлық таңдаған екенсіз, енді сізге оған бірде-бір дақ түсірмей таза күйінде киюге тура келеді. Өйткені ақ түс тазалықтың белгісі саналады. Ақ түсті шұлықтарды спорттық аяқ киімдермен кию керегін де естен шығарушы болмаңыз.
Қара немесе қоңыр жұқа шұлықтар. Мұндай шұлықтар тек бір түсті ғана болу керек. Бірізді қара немесе бірізді қоңыр. Оған түрлі кескін мен суреттердің салынуы керек емес. Сол сияқты басқа түс араласуының де қажеті шамалы. Мұндай жұқа шұлықтарды классикалық стильде киген жөн.
Шұлықтарды шалбардың түсімен сәйкестендіріп алу керек. Шалбарыңыз бен шұлығыңыздың әр түсті болып тұрған аса сүйкімді көрінбейді. Сондықтан да бір жаққа классикалық стильде киініп шығар болсаңыз, алдымен шалбар, сосын соған қарап шұлық таңдаңыз.
Шолақ шалбарлармен (шорты) шұлық киюге болмайды. Болған күнде де тек спорт алаңдары мен залдарында ғана рұқсат етіледі.
Ер адамға суретті немесе басқа да күлкілі кескіндемелері бар шұлықтар жараспайды. Шұлықтың көз тартып тұруының аса керегі жоқ. Оның аяққа да кедергі жасап, ыстықтатып тұрғаны дұрыс емес.
Әр жігіттің киім сөресінде шұлық салатын арнайы орны болғаны дұрыс. Оны басқа киімдермен бірге салмауды әдетке айналдырған жөн. Сонымен қатар, әртүрлі шұлықты артығымен сақтағаныңыз жөн. Бір киген шұлықты уақытында жуып, жайып тұру керек.