Бас киім адамзат баласы үшін құндылықтардың бірі болуы тиіс. Қазақ халқы "Бас киімді жерге тастап, аттағанды кие ұрады" деп, оны үнемі биікке қойған. Даналық пен даралыққа ие қазақ осылай десе, бекер емесі анық. Олай болса, осы бас киімді қай ұлт қалай қабылдайтынын және кей бас киімдердің тарихын біле отырыңыздар.
1) Тоқыма бөріктерден гөрі құлақшындар көп. Ғаламтордан іздеу сұраныстарының статистикалық сараптамасы бойынша, құлақшындар тоқыма бөріктерге қарағанда екі есе көп ізделеді екен.
2) Оңтүстік судандықтар өз шашынан тоқылған бас киімдер киеді екен. Нуэр мен лангилар оны өз шашынан тоқыған. Олардың биіктігі жарты метр де, салмағы аса ауыр болмаса керек. Осындай тәсіл Ежелгі Мысырда да болған екен. Жас жеткіншектердің шашын қырқып алып тастап, одан жасанды шаш (парик) әзірлеген. Күні бойы бастарынан тастамай, тек түнде ғана шешіп жатқан. Бұны гигиенаға сай деп санаған.
3) Мономахтың тымағы — әлемдегі ең қымбат бас киім. Ол XV ғасырда жасалса да, құны жоғалмапты. Өйткені, лағыл, зүбаржат (изумруд), гаухар тастармен әшекейленіп, бұлғын терісінен жасалған.
4) Құлақшын монғолдың малақайынан «тараған». Моңғол бөркі қой терісінен конус тәрізді пішінмен жасалған. Бұл моңғолдар үшін қыстыгүні таптырмас жылылық берген. Оның қайырма құлағы бетті аяздан қорғаған. Кейін күн жылыған сәтте қайырма құлағын желке тұсына қайырып, байлап жүрген. Бастапқыда суықтан қорғаған қайырма құлақ қазіргі таңда сәнге айналды.
5) Үндістердің бас киіміне қарап, қанша жауын өлтіргенін анықтауға болады. Солтүстік Американың үндістері қанша жауының басын алса, шашына сонша бүркіттің қауырсынын қыстырған. Өзінің ерлігін бас киімімен-ақ көрсеткен екен.
6) «Алиса ғажайыптар елінде» атты ертегіде Ессіз қалпақшы неге ессіз? Себебі, шығарма авторы Льюис Кэрроллдың заманында жұқа киіз қалпақтарды жасауда сынап қолданылған. Оның улы буының әсерінен қалпақты киюші есінен адасып, тіпті өлім аузына дейін барады екен. Ал шығарма кейіпкері Ессіз қалпақшы сынапты қалпақ кигенмен, есінен адасқанын білдіртпейді. Осы ретте автордың өз заманының шындығын ертегісіне енгізгенін байқаймыз.
7) Бөріктердегі жіптен домалақтап жасалған түйіншек француз теңізшілерінің басын қорғау үшін арналған екен. Бұрындары кеме бөлмелерінің төбелері өте аласа болған. Теңізшілер аласа төбелерге басын соғып алмас үшін бас киімдеріне арнайы түйіншектер жасаған. Қазіргі таңда кеме бөлмелерінің төбелері биік болса да, бұл түйіншек сәнге айналып кетті.
8) Ерлерге арналған орташа көлемдегі бас киімді тоқу үшін 100 г иірілген жіп керек.
9) Қазақ халқының сал-серілері үкілі бас киімдер кигенін Ақан сері, Біржан салдың бейнесінен көруге болады. Бас киімге қауырсын, үкі тағу кей халықтардың мифтік нанымы бойынша, жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланыста екендігін білдіреді екен. Бұл дәстүр кейін де жалғасқан және домбыраға да тағатын болған. Бұл тек қазақ халқына ғана емес, моңғолдарға да тән екен.
10) Мұрақ. Бұл бас киімге қарап, киген адамның лауазымды екенін білген. Оның екі жағы қошқар мүйізденіп келген және де оны тек салтанатқа ғана киген. Түрлі оюмен әсемдеп, жылтыр жіптермен зерленген. Мұрақты әр жерде әртүрлі атаса керек, оның «мұрақтан» басқа айыр қалпақ, сәукеле қалпақ деген атаулары бар. Мұрақтың ішінен тік арнайы тігілген шошақ қалпақ киген. Себебі, оның биіктігін көрсету үшін. Қазіргі таңда бұл бас киімнің киісі де, кию уәжі де өзгерген.
Сурет: vk.com, spa-wellness.com, g02.a.alicdn.com, westernfilm.ru, hbo.hr, dic.academic.ru