Giorgio Armani-дың ерлерге арналған жаңа топтамасы

Италияның Милан қаласында Giorgio Armani-дің 2014-2015 күз-қыс маусымы үшін ерлерге арналған жаңа топтамасының таныстырылымы болды. Дизайнер Джорджо Армани жаңа топтаманы «нағыз ерлерге арналған байсалдылық пен парасаттылықтың үлгісі» деп атады. Сыртынан қарап отырсаң Марк Твен романындағы батырлық бейнесі елес беретіндей. Мысал ретінде smart casual заманауи стиліндегі спорттық үлгі элементтерінің көптеп кездесуін атасақ болады.

Галстуксіз, қатты жағалы ақ жейдемен киген, екі жағына бірдей қаусырмалы пиджак әдемі көрінеді. Бұл стиль – XIX ғасырда ағылшын интеллигенциясын еске түсіреді. Сырт киімнің жеңі мен иығы тұтас пішілген. Жаңа топтамада қызыл және көк түсті үлпілдек жемпірлер мен кез келген еркекке сән беретін тоқыма кардигандар көрсетілді. Сонымен қатар ілгекті, түймелі күртешелер мен спорттық шалбарлар кештің өңін аша түсті. 

Сондай-ақ былғары шалбар мен мақпал польто және пиджактар көпшілік көңілінен шықты. Әр жаңа үлгінің өзіне сай аяқ-киімдері үйлесімді көрінеді. Дизайнер кейбір сәнгерлерге Giorgio Armani-дің фирмалық көзілдіріктері мен үлкен былғары қолғаптарын кигізіп, қосымша өзгерістер енгізген екен.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: fashiontime.ru