Франция құрамасының капитаны Килиан Мбаппе ұлттық команданың жаңа бас бапкері болып тағайындалған Зинедин Зиданның тұсында да капитандық міндетін атқара береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, бұл мәселе мүлде талқыланбаған. Зидан мен Мбаппе көп жылдан бері жақсы қарым-қатынаста және бір-біріне зор құрметпен қарайды. Сондықтан ұлттық құраманың көшбасшысы өзгермейді деген болжам бар.
Франция футбол федерациясы (FFF) Зинедин Зиданды ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындағанын ресми түрде бүгін жария етуі керек.
Айта кетейік, Килиан Мбаппе Франция құрамасы сапында осы уақытқа дейін 106 матч өткізіп, 66 гол соққан. АҚШ, Канада және Мексикада өткен 2026 жылғы әлем чемпионатында шабуылшы 10 гол салып, турнирдің үздік сұрмергені атанды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!