"Аякс" Чемпиондар лигасында екі бірдей тарихи рекорд орнатты

О Сансызбай Корреспондент
"Аякс" Чемпиондар лигасында екі бірдей тарихи рекорд орнатты
Фото ©️ Reuters

Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан Амстердамның "Аякс" футбол клубы екі бірдей тарихи рекорд жасады. Екі рекорд та осыған дейін ешбір команданың еншісіне жазылмай келген.

БӨЛІСУ

Нидерланд елінің командасы 2018/2019 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасын іріктеу кезеңнен бастады. Топқа шығу үшін Австрияның "Штурм" (2:0, 3:1), Бельгияның "Стандарт" (2:2, 3:0) және Украинаның "Динамо" (3:1, 0:0) командаларын жарыс жолынан шығарды.  Осылайша "Аякс" Чемпиондар лигасын іріктеу кезеңінен бастап, жартылай финалға дейін жеткен алғашқы команда атанды. Осыған дейін бірде-бір еуропалық ұжым дәл осылай жарысты жалғастырып келмеген.

Сондай-ақ амстердамдық команда бір маусым ішінде "Ювентус" пен "Реалды" сырт алаңда ұтқан алғашқы ұжым. "Корольдік клубпен" өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап, Мадридте 4:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын.

Туриннің "Ювентус" командасымен де өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап, қарымта ойында 2:1 есебімен басым түсті.

"Аякс" жартылай финалда ағылшындық "Манчестер Сити" мен "Тоттенхэм" командалары арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі. Бұл командалар қарымта кездесуін бүгін түнде өткізеді. Бірінші ойында "Тоттенхэм" 1:0 есебімен жеңіске жеткен.

Биылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының финалы 1 маусым күні Мадридтегі "Метрополитано" стадионында өтеді.