"Аякстан" ұтылған "Реал" Чемпиондар лигасынан шығып қалды

"Аякстан" ұтылған "Реал" Чемпиондар лигасынан шығып қалды
Фото: Reuters

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан алғашқы екі команда ("Аякс" және "Тоттенхэм") анықталды. Бір қызығы, 3 жыл қатарынан чемпион атанып келген Мадридтің "Реалы" жарыс жолынан шығып қалды.

"Корольдік клуб" 1/8 финалда "Аякстан" аса алмады. Бірінші ойында 2:1 есебімен ұтқанмен, Мадридте өткен қарымта ойында қара басты. Нидерланд елінен келген командаға 1:4 есебімен есе жіберді.

Ойында "Аякстың" сербиялық легионері Душан Тадич асқан шеберлігімен көзге түсті. 7 минутта Хаким Зиештің гол соғуына жағдай жасаса, 18 минутта Давид Нереске нәтижелі пас берді. Ал 62 минутта өзі гол соғып, ойынның қаһарманы атанды.

70 минутта Маркос Асенсио есепті қысқартқан. Бұл гол мадридтік команда жанкүйерлерін көп қуантпады. Араға 2 минут сала "Аякс" ойындағы төртінші голын соқты. Ласло Шоненің айып соққысынан қия тепкен добын Тибо Куртуа қайтара алған жоқ. Тіпті алаң иелері ойынды 10 ойыншымен аяқтады. Кездесу соңында жүйкесі сыр берген Начо алаңнан қуылды.

Қос ойын қорытындысы бойынша "Аякс" 5:3 есебімен ширек финалға өтті. Ал 3 жыл қатарынан Чемпиондар лигасында топ жарып келген мадридтік команданың жорығы аяқталды.


Дортмундта "Боруссия" да сенсация жасай ма деп жанкүйерлер күткен. Себебі бірінші ойында "Тоттенхэмнен" ойсырай ұтылған. Ағылшындық ұжым жауапсыз үш гол соққан еді.

"Боруссия" сол есесін қайтаруға алғашқы минуттардан-ақ кірісті. Бірақ "Тоттенхэм" қорғанысы сыр берген жоқ. Қақпашы Уго Льорис қақпасын асқан ептілікпен қорғады. Есесіне лондондық команданың екінші таймдағы қарымта шабуылы нәтиже берді. Сұрмерген Харри Кейн гол соғып, командасын алға шығарды. Ал дортмундтық команда екі ойында да ағылшындық ұжым қақпасына бірде-бір гол соға алмай жарысты аяқтады.


6 наурыздан 7 наурызға қараған түні 
"Порту" мен "Рома" (бірінші ойын – 1:2), ПСЖ мен "Манчестер Юнайтед" (бірінші ойын 2:0) командалары кездеседі.

Ө. Сансызбай