Зидан "Реалдың" бас жаттықтырушысы қызметіне оралды

О Сансызбай Корреспондент
Зидан "Реалдың" бас жаттықтырушысы қызметіне оралды
Фото ©️ Reuters©


Француз маманы Зиннедин Зидан Мадридтің "Реалын" қайта жаттықтыратын болды. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады.

БӨЛІСУ

11 наурыз күні "корольдік клубтың" директорлар кеңесі Сантьяго Солариді қызметінен босатты. Бұл орынға Зиданды тағайындады. 46 жастағы маманмен келісімшарт 2022 жылдың маусым айына дейін жасалды.

Зиннедин Зидан "Реалды" осыған дейін де жаттықтырды. 2016-2018 жылдар аралығында мадридтік команда француз маманымен зор жетістікке жетті. Чемпиондар лигасын үш жыл қатарынан ұтқан алғашқы команда атанды. Испания чемпионы, Суперкубогы, УЕФА Суперкубогын жеңіп алды. Екі рет клубтар арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.

Жаттықтырушы 2001 және 2006 жылдар аралығында футболшы болып "Реалда" ойнаған. Мансабын да осы команда сапында аяқтады.

Наурыз айы мадридтік команда үшін сәтсіз басталды. Испания кубогы жолында "Барселонадан" ұтылып, жарысты аяқтады. Ал Чемпиондар лигасында "Аякстан" ойсырай ұтылып, ширек финалға шыға алмады.

Қазіргі таңда мадридтік команда Испания ла лигасында үшінші орында келеді. Келесі ойынын 16 наурыз күні өз алаңында "Сельтаға" қарсы өткізеді.