Қанат Ислам кезекті жекпе-жегін Астанада өткізуі мүмкін

О Сансызбай Корреспондент
Қанат Ислам кезекті жекпе-жегін Астанада өткізуі мүмкін
Фото ©️ vesti.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 17 ақпан күні бразилиялық боксшы Робсон Ассиспен жұдырықтасады. Ал одан кейінгі жекпе-жектерінің бірін Астанада өткізуі мүмкін. Бұл туралы «vesti.kz» сайтының қазақ бөлімі хабарлады.

БӨЛІСУ

Спортшының өкілі Берік Сұлтан Vesti.kz басылымына берген сұхбатында боксшының алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.

- Мәдениет және спорт министрі 29 қазанда өткен жекпе-жектен кейін Қанат Исламды қабылдап, оған Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Сол кездесуде EXPO халықаралық көрмесін өткізу барысында үлкен бокс кешін ұйымдастырып, сонда Қанат Исламды шақыру туралы ой туындаған болатын, - деді Берік Сұлтан.

Сондай-ақ Қанат Исламның өкілі қазақстандық боксшының EXPO қарсаңында өткізілетін бокс кешіне қатысуға дайын екенін айтты. "Кештің нақты қай айда өтетіні белгісіз. Бокс кеші жаздың соңында өтетін болса, Қанат мамыр айында АҚШ-та тағы бір жекпе-жек өткізіп, Астанадағы бокс кешіне дайындықты бастауға дайын. Егер одан ерте өтетін болса, Қанат Ислам Ассиспен жұдырықтасқан соң-ақ дайындықты бастай береді. Бокс кешіне бір күнде Геннадий, Бейбіт, Жанат пен Қанат сияқты боксшылар қатысса, бұл кеш нағыз жанкүйерлер күткен дода болмақ", - деді боксшының өкілі.

Айта кетейік, кеше «Boxing Legends TV» интернет-арнасының Twitter желісіндегі парақшасында орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) және осы салмақтағы WBO белбеуінің иегері ағылшын боксшысы Билли Джо Сондерс (24-0, 12 КО) жазда Қазақстанда жұдырықтасуға келісті деген мәлімет шыққан болатын.