Қанат Ислам 17 ақпанда бразилиялық боксшымен жұдырықтасады

О Сансызбай Корреспондент
Қанат Ислам 17 ақпанда бразилиялық боксшымен жұдырықтасады
Фото ©️ Getty Images, vesti.kz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 17 ақпан күні бразилиялық боксшы Робсон Ассиспен жұдырықтасады. Бұл туралы боксшының «вконтакте» желісіндегі парақшасы хабарлады.

БӨЛІСУ

Бірінші орта салмақта бақ сынайтын отандасымыз кәсіпқой бокстағы 23-ші жекпе-жегін өткізеді. Ал қарсыласы Робсон Ассис мансабындағы 20-шы кездесуіне шығады екен. Бразилиялық осы уақытқа дейін өткізген 19 кездесуінде 3 рет жеңіліп, 16-да жеңіске жеткен. 9 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Кәсіпқой бокстағы мансабын 2006 жылы бастаған.

Осыған дейін Қанат Ислам кезекті кездесуін 17 ақпанда өткізетінін хабарлаған едік. Отандасымыз шығатын бокс кешінің басты жекпе-жегінде Рой Джонс (кішісі) жұдырықтасады. Бұл туралы «Nelsons Promotion» промоутерлік компаниясының Қазақстандағы өкілі Нұрғазы Ісмағамбетов айтқан еді.

- Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы келесі кездесуін 17-ақпан күні Нью-Джерси штатындағы Ньюарка қаласында өтеді. Рой Джонстың қатысуымен өтетін бокс кешінде Ислам 10 раундтық жекпе-жек өткізеді. Бірақ, бұл кеште Қанат чемпиондық атағын қорғамайды. Отандасымыз чемпиондық атағын тек Қазақстанда қорғаймын деп отыр. Қарсыласының кім болатынын алдағы уақытта хабарлаймыз. Қанат Ислам қазір АҚШ-та. Нельсон Лопездің қол астында жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті, - деген еді.

Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы өзінің соңғы жекпе-жегін 2016 жылдың 29 қазан күні Алматыда өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша ганалық боксшы Патрик Аллотейден басым түскен еді.