Чемпиондар лигасы. «Реал» өз алаңында жеңіліп қалды

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. «Реал» өз алаңында жеңіліп қалды

Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан 2 клуб белгілі болды. Оның бірі – «Порту» болса, екіншісі – мадридтік «Реал».

БӨЛІСУ

«Реал» емес, Роналду рекорд орнатты

Карло Анчелотти жаттықтыратын «корольдік клуб» өз алаңы «Сантьяго Бернабеуде» гельзенкирхендік «Шалькеден» ұтылды. Бірақ, бірінші ойында екі доп басымдығымен жеңіске жетуінің арқасында ғана келесі кезеңге өтті.

«Реал» соңғы ойындарын сүреңсіз өткізуде. Бүгін мадридтік жанкүйерлер командасын ірі есеппен жеңіске жетеді деп күткен еді. Бірақ, бәрі керісінше болды. Бірінші болып неміс ұжымы есеп ашты. 20 минутта Кристиан Фукстың бағыттаған добын Икер Касильяс дұрыс қайтара алмай, өз қақпасына енгізіп алды. Артынша Криштиану Роналду таразы басын теңестіргенмен, қонақтарды Класс-Ян Хунтеелар кезекті рет алға шығарды. Бұл жолы да португалдық сұрмерген баспен гол соғып, нәтижені теңестірді.

Екінші таймда Карим Бенземаның соққан голынан кейін мадридтік жанкүйерлер бір қуанып қалған-ды. Бірақ, «Шальке» футболшылары «Реал» жанкүйерлерінің қуанышын көпке создырмады. Леруа Сане мергендігімен көзге түсті. Бұл сәтте де Икер Касильяс шеберлігімен көзге түсе алмады. Алаң иелері қорғаушыларының қателігі айқын байқалды. Қазіргі таңда «Реалдың» қорғанысы алынбас қамал болып тұрған жоқ. Роберто ди Маттео шәкірттеріне жеңіс сыйлаған голды да  Класс-Ян Хунтеелар соқты. «Шальке» ойыншылары тағы бір гол соққанда, «Реал» Чемпиондар лигасымен қоштасатын еді.

«Сантьяго Бернабеуде» өткен тартысты кездесуде дубль авторы атанған Криштиану Роналду кезекті рекордын орнатты. Ол еурокубок ойындарында 78 гол соққан алғашқы ойыншы атанды. Осыған дейін бұл көрсеткіш «Реалдың» экс-футболшысы Раульге тиесілі еді. Ол еурокубок ойындарында 77 гол соққан. Ал Лионель Месси 76 голдың авторы атанып үлгерген. Сонымен қатар, португалдық сұрмерген Чемпиондар лигасының үздік сұрмергендер көшінде Лионель Мессимен теңесті. Енді әлемнің үздік футболшыларының еншілерінде 75 голдан бар.

«Реал» клубының соққан 3 голының 1-еуін еншісіне жазған Карим Бензема өзінің Чемпиондар лигасындағы 42 голын соқты. Нәтижесінде Чемпиондар лигасының үздік сұрмергендер көшінің ондығына енді. Ал 10 кездесу бойы жеңілмей келе жатқан «Реал» мюнхендік «Баварияның» рекордын қайталағанмен, жаңарта алмады.

«Базель» «Портудан» ойсырай ұтылды

Швейцариялық клуб өз алаңында тең ойнауға қауқары жеткенмен, Портудағы «Драгау» стадионында ойсырай жеңілді. О бастан фаворит саналған «Порту» ширек финалға қиналмай өтті.

Бірінші таймда Ясин Браими айып соққысынан тамаша гол соқса, екінші таймда Каземиро алыс қашықтықтан Вацлик қорғаған қақпаның кілтін таба білді. Эктор Эррера мен Абубакар да алаңнан гол соқпай шықпады. Қос кездесу қорытындысы бойынша, «Порту» 5:1 есебімен ширек финалға шықты. 

Сурет: vk.com

Оқи отырыңыз

Чемпиондар лигасы. Тең есептер тіркелді (видео)

Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді

Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды

Чемпиондар лигасы. Хави мен Тотти рекорд жаңартты