Винисиусқа лондондық “Арсенал“ қызығушылық танытып отыр

Мадридтік "Реалдың" вингері Винисиус Жуниордың клубтағы болашағы әлі де белгісіз. Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, команданың жаңа бас бапкері Жозе Моуринью оны ерекше ойыншы деп санамайды. Сонымен қатар, футболшыға лондондық "Арсенал" қызығушылық танытып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

26 жастағы вингердің "корольдік клубпен" жасасқан келісімшарты келесі жылы аяқталады. Тараптар жуық арада жаңа келісім бойынша келіссөз өткізуді жоспарлап отыр. Алайда журналист Пепе Альварестің мәліметінше, Жозе Моуринью Винисиусты өзінің жаңа жобасындағы негізгі тұлғалардың бірі деп есептемейді.

Соған қарамастан, "Реал" футболшыны міндетті түрде трансферге шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Бірақ клубқа қаржылық жағынан өте тиімді ұсыныс түссе, оны қарастыруға дайын. Дереккөз ақпаратына сүйенсек, келісімшартты ұзарту мәселесіндегі басты түйткілдердің бірі - Винисиус Жуниордың қаржылық талаптары.

Мадридтік клуб басшылығы футболшы сұрап отырған шарттармен келісуге ниетті емес. Сондықтан бразилиялық вингер Сантьяго Бернабеуде қалғысы келсе, өз талаптарын қайта қарауы қажет болады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!