- Негізгі бет
- Спорт
- Велосапар. Астанаға 10...
Велосапар. Астанаға 10 күнде жету
Елордамыздың 20-жылдығына орай 53-ке келген шығысқазақстандық Нұрлан Бейсембаев Үржар ауданынан Астана қаласына жол тартты. Айта кету керек, үржарлық азаматтың бұл алғашқы веложүрісі.
Мақаншы мен Астананың арақашықтығы 1400 шақырымды құрайды. Сөреден шығар алдында Нұрлан Бейсембаевқа қолдау танытуға оның тусықандары мен аудан тұрғындары келген болатын.
– Нұрлан Ақанұлы осы сапарға шыға тұрып, салауатты өмір салтын насихаттауда. Оның аман-есен алыс сапарға шығуына тек оның жақындары мен аудан тұрғындары ғана емес, балалар да келіп отыр. Бұдан кейін велосипед спортымен шұғылданатын жастар дені арта түседі деп сенемін, – деді Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серікқазы Садуақасов.
Нұрлан Бейсембаевтың соңынан қауіпсіздік шараларын қадағалау үшін оның ұлы мен досы еріп жүрмек. Күніне 140 шақырым жолды артқа тастауды жоспарлаған екен.
– Мен бұл сапарға үш жыл көлемінде дайындық жүргіздім. Шалғай жолға алғаш веложүрісім болса да, өзіме сенімдімін. Маған қолдау көрсеткен облыс және аудан әкімдігіне алғыс білдіргім келеді. Сапарым сәтті болып жатса, ары қарай да осындай саяхатымды жалғастырақпын, – деді ол.
А. Оралқызы