Үш алтынмен үшінші орында: Қазақстан Әлем кубогын қалай аяқтады?

Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында Әлем кубогы аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

80 келіден жоғары салмақта Валерия Аксенова Венгрия өкілі Жофия Сирамен кездесіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

85 келіге дейінгі салмақта Сұлтанбек Айбарұлы бразилиялық Кауе Белинимен қолғап түйістірді. Нәтижесінде отандасымыз 4:1 есебімен басым түсті.

Ал 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидоваға 5:0 есебімен жол берді.

Нәтижесінде ұлттық құрама қоржынында үш алтын, бір күміс және үш қола медаль бар. Бұған дейін Виктория Графеева (60 келіге дейін) жеңімпаз атанса, Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін), Диас Молжігітов (80 келіге дейін) жарысты қола жүлдемен аяқтады.

Ұлттық құрама жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғасты. Бірінші орынға Бразилия ие болса (4 алтын, 5 күміс), екінші орынға Қытай тұрақтады (4 алтын, 1 қола).

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!