Үндістандық шахматшы Виши Ананд астаналық бүлдіршіннің тұсауын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ертең классикалық шахматтан 2023 жылғы әлем чемпионы атағы үшін матч басталатын St.Regis қонақүйінде гроссмейстер, Үндістан тарихындағы ең ұлы шахматшы, шахматтан 15-ші әлем чемпионы Виши Ананд бір жасқа толған астаналық кішкентай Әбдірахманның тұсауын кесті.
"Тұсаукесерді осы айға жоспарлап отырғанбыз. Дәл қазір астанамызда осындай ауқымды шахмат мерекесі өтіп жатқандықтан, біз тәуекел деп даңқты шахматшыға ұсыныс жасадық. Ол кісінің ұсынысымыздан бас тартпағанына өте ризамыз", - деді Әбдірахманның анасы.
Салтанатты шара басталмас бұрын шахматшы балаға өсиетін айтты.
"Баланың тұсауын кесу - мен үшін мәртебе. Әбдірахманға бар жақсылықты, зор денсаулық пен бақыт тілеймін. Балам, өмір бойы сені бақытты ететін мамандықты таңда", - деді Ананд.
Одан кейін шахматшы жіпті қиып, баланы анасымен бірге ақ кілем үстінен жетеледі. Кілемнің екінші басында түрлі кәсіптерге қатысты бұйымдар дайындалды. Дәстүр бойынша нәресте бірінші болып қолын созған зат оның өмір жолын анықтайды. Қамшы кітап, ақша мен шахмат алдына қойылған Әбдірахман ақ ладьяны таңдады. Кейіннен дәстүр бойынша Әбдірахманның ата-анасы Анандтың иығына шапан жапты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!