Ұлттық спорт күні: Қазақстанда қанша үйірме бар?

Ұлттық спорт күні: Қазақстанда қанша үйірме бар?
Фото: Көкпар федерациясы

Наурызнама күнтізбесіне сәйкес 20 наурыз - Ұлттық спорт күні, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, бүгінде республика бойынша 16 555 ұлттық спорт үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, кадр даярлау бағытында 15 спорт мектебі және 17 спорт клубы қызмет атқарады.

Былтырдан бастап ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерімен бірдей басымдыққа ие болды.

"Қазір елімізде асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ сынды 11 ұлттық спорт түрі дамып келеді. Оның ішінде төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Жыл сайын елімізде "Ақбидай" ауыл спорт ойындары, "Қазақстан барысы" турнирі, "Ұлы дала жорығы" марафон бәйгесі және этноспорт бойынша түрлі фестивальдер ұйымдастырылады", - деп жазылған министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі аясында республика бойынша 747 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget