Футболдан 2024/2025 жылғы маусымдағы Ұлттар лигасының жеребесі тартылды. Қазақстан құрамасы "В" дивизионында үшінші топқа түсті. Аустрия, Норвегия және Словения құрамаларына қарсы ойнайды.
Алдымен Аустриядан бастасақ. Қазіргі таңда FIFA рейтингінде 24-орында тұрған құрама. Ең қымбат ойыншысы – Давид Алаба. Мадридтің "Реал" командасында ойнайтын қорғаушының трансферлік құны 30 миллион еуроны құрайды.
Бұған дейін Қазақстан мен Аустрия ұлттық құрамалары 4 рет кездескен. 2 ойында Аустрия құрамасы ұтса, 2 ойын тең аяқталған. Тең өткен екі кездесу де Астанада болған.
Қазақстан мен Норвегия құрамалары ресми түрде кездеспеген. Іріктеу кезеңдерінде де жолдары түйіспеген. Тек жастар құрамалары ғана ойнаған. Ол екі ойында да Скандинавия түбегі өрендерінің мысы басым болған.
Норвегия қазір FIFA рейтингінде 44-орында келеді. Ең қымбат ойыншысы – Эрлинг Холанд. Қазіргі футбол жұлдызының трансферлік құны 180 миллион еуро саналады.
Қазақ жанкүйерлері үшін Словения құрамасы жақсы таныс. 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында бір топта ойнады. Екі ойында да Словения жеңіске жетіп, Қазақстан жолдама алу мүмкіндігін уысынан шығарып алды. Бас жаттықтырушы Магомед Адиевтің айтуынша, сол кеткен есені қайтарудың сәті келгендей.
Тобымыз қиын болып шықты. Әр қарсыласқа жеке-жеке тоқталамыз. Әр матчта бәсекелестікке төтеп беріп, жеңіс үшін ойнаймыз. Холанд, Алаба секілді әлемдік жұлдыздарға қарсы ойнағанда белгілі бір деңгейде жауапкершілік артылып, футбол жұртшылығының назарында болатынымызды түсінеміз. Ал Словенияда кеткен есеміз бар, сондықтан олар біз үшін ерекше қарсылас болмақ, - дейді бас жаттықтырушы.
Ұлттар лигасының ойындары биыл 5 қазан мен 19 қараша аралығында өтеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!