Уимблдон турнирінде жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакина дүйсенбі, 11 шілдеде кешке Нұр-Сұлтанға келді. Елорда әуежайында спортшыны туыстары, достары, шенеуніктер, БАҚ өкілдері және жанкүйерлері күтіп алды, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
"Қазақстан сені мақтан тұтады", - деп жазылған плакатты ұстаған жас жанкүйерлерге теннисші қолтаңба берді, сонымен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары - қымыз бен бауырсақтан дәм татты.
"Мені қолдаған, осында келген баршаңызға алғысым шексіз. Ертең баспасөз жиыны өтеді, барлық сұрақтарыңызға қуана жауап беремін. Келгендеріңізге көп рақмет!" - деді спортшы.
Рыбакина сейсенбі, 12 шілдеде 15:00-де Нұр-Сұлтандағы The Ritz-Carlton-да журналистерге баспасөз мәслихатын өткізеді, содан кейін жас спортшылармен және жанкүйерлермен кездеседі.
Еске салайық, Елена Рыбакина Уимблдонда әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен бас жүлдені сарапқа салған болатын. 1 сағатқа созылған кездесуде жерлесіміз үш сетте 3:6, 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.