- Негізгі бет
- Спорт
- УЕФА Қазақстан футбол...
УЕФА Қазақстан футбол федерациясына айыппұл салды
Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлердің тәртіпсіздігіне байланысты УЕФА-ға айыппұл төлейді, - деп хабарлайды Мassaget.kz ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
УЕФА Ұлттар Лигасының аясында өткен Қазақстан - Словакия ойынында біздің жанкүйерлер ҚФФ тарапынан қоғамдық тәртіп пен жарыс ережелерін сақтауға қатысты айтқан үндеулеріне қарамастан трибунадан жасыл алаңға әртүрлі заттар лақтырды.
Бұл әркеттер матч делегатының есебіне тіркеліп, УЕФА тәртіптік-бақылау және әдеп инстациясының жиынында қаралды. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан футбол федерациясына 11 625 еуро айыппұл салынды. Бұл қазіргі валюта бағамымен 5 миллион 600 мың теңге.
Қазақстан футбол федерациясы жанкүйерлік мәдениетті танытып, ойынға қатысушылар мен ұйымдастырушыларды, сонымен қатар стадиондағы өзге де жанкүйерлерді құрметтеуге шақырады.
Айта кетейік, бұндай санкция қазақстандық тарапқа осы маусымда екінші рет қолданылып тұр. Егер алдағы уақытта жағдай қайталанатын болса, жанкүйерлерді ойынға мүлде кіргізбеуі мүмкін делінген федерация таратқан хабарламада.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы топтың кезең аясында енді қос матч өткізеді. Яғни қыркүйек айында өз алаңында Беларусьті қабылдайды. Бірер күннен кейін сырт алаңда Әзербайжан құрамасымен кездеседі. Ұлттық құрама үшін соңғы 4 ойында 3 рет жеңіске жетті. 1 рет тең түсті. Спорт мамандары оған сенсациялық жетістік деген баға берді. Осының арқасында жерлестеріміз қазір С дивизионы үшінші тобының бірінші сатысында тұр.
Г. Досымшалова