Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен оның бапкері Мырзағали Айтжановты қабылдады. Кездесуде қазақ боксының даму барысы, Түркістан өңірінің жастарын боксқа баулып, чемпиондар шоғырын шығару мәселелері сөз болды. Бұл туралы Түркістан баспасөз орталығы хабарлады.
Өңір басшысы бапкер мен спортшының жетістігін жоғары бағалап, облыста спортты дамытуға жағдай жасалып жатқанын, одан да жақсы дамыту үшін ұсыныс-пікірлерін тыңдауға дайын екенін жеткізді.
Олимпиада ойындарының 2 қола жүлдегері мен үш әлем чемпионын даярлаған даңқты бапкер Мырзағали Айтжанов Түркістан облысында бокстың даму деңгейі жақсы екенін, қолдау күшейтілсе, әлі де таланттар шығатынын атап өтті.
Сонымен бірге биылғы әлем чемпионаты ерекше өткенін, тұңғыш рет жеңімпазға арнайы белбеу мен ақшалай сыйақы берілгенін, Сәкеннің жеңісі арқылы жасөспірімдердің боксқа қызығушылығы арта түскенін жеткізді. Спортқа жанашырлық танытқан өңір басшысына ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында спортшыларды жан-жақты әрі кәсіби тұрғыда дамыту үшін Түркістанда бокс клубын құру мәселесі сөз болды. Жаңадан құрылатын бокс клубы "Тұран" деп аталмақ.
Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысында спортты дамытуға жағдай жасалып, спорт нысандары салынып жатқанына тоқталды.
"Түркістанда халықаралық талапқа сай спорт кешендері ашылды. Бірқатарының құрылысы жүріп жатыр. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені де салынуда. Біз спорттың барлық түрін дамытамыз. Оның ішінде бокстың орны ерекше. Еліміздегі №1 спорт деуге болады. Толық қолдаймыз. "Тұран" бокс клубы жасақталып, оған тиісті көмек беріледі. Кәсіпкерлер мен демеушілер де бұл бастамаға үлес қосады деп ойлаймын," – деген өңір басшысы білікті бапкер мен шәкіртіне Түркістанда жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.