Дзюдошы Фатима Сұпығалиева жуырда Эквадордың Гуаякиль қаласында кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарды. Ол Қазақстанның әйелдер дзюдосы тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. Жас спортшы olympic.kz сайтына берген сұхбатында тарихи жеңісінен кейінгі әсерін бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол чемпионаттағы ең қиын қарсыластарын атады.
"Жартылай финалда кездескен Израиль спортшысы мен финалдағы украиналық Ксения Кирильчукпен өткен белдесулерді ерекше атап өтер едім. Екеуі де мықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Бұрыннан таныс, жиі кездесіп жүрген қарсыластарым", - деді спортшы.
Фатима Сұпығалиева ақтық белдесу қалай өткенін де айтты.
"Финал өте тартысты өтті. Екеуіміз де бір-бірімізге оңайлықпен жол бергіміз келмеді, ешкім жеңілуді қалаған жоқ. Қосымша уақытта, белдесудің оныншы секундында тиімді әдіс жасап, қарсыласымды иппонмен жеңдім", - деді дзюдошы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!