Төрт жылдан кейінгі алтын: Қазақстан дзюдодан Азия чемпионатында үш медаль жеңіп алды

Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан дзюдодан ересектер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үш жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ел қоржынына алтын медальді 81 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Алмат Әділет салды. Финалда отандасымыз Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, тәжікстандық Сомон Махмадбековті жеңіп, Азия чемпионы атанды. Бұл - оның ересектер арасындағы Азия чемпионатындағы алғашқы алтын жүлдесі.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы құрлық додасының алтын жүлдесіне араға төрт жыл салып қол жеткізіп отыр. Бұған дейін 2022 жылы Астанада өткен Азия біріншілігінде Данияр Шамшаев (73 келі) топ жарған болатын.

Қытайда өткен жарыста 63 келіге дейінгі салмақта қола медальді Эсмигүл Куюлова иеленді. Жұбаныш белдесуінде ол Тайбэй өкілі Ян Пей-Чунды жеңді.

Тағы бір қола жүлдені 81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар жеңіп алды. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде БАӘ спортшысы Гаджимурад Омаровтан басым түсті.

Айта кетейік, Азия чемпионаты 19 сәуірге дейін жалғасады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!