Қазақстан құрамасы 2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиадада 19-орынға тұрақтады. Ел қоржынында жалғыз жүлде, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салған алтын медаль.
Бірнеше жыл қатарынан Олимпиададан хабар таратқан "Азаттық" тілшісі, танымал спорт журналисі Руслан Меделбекпен сұхбаттасып, 2026 жылғы қысқы Олимпиаданың ерекшелігі туралы сұрадық.
- Биыл Михаил Шайдоровтан бөлек бірнеше спортшымыз медаль иеленбесе де, рекорд орнатты. Қысқы Олимпиада еліміз үшін сәтті болды деп айтуға бола ма?
- Әрине, Қазақстан құрамасында алтын медаль болуы - осыған дейінгі Олимпиадалармен салыстырғанда бәрібір де жетістік. Оны ешкім жоққа шығармайды. 2018 жылғы Олимпиадада бір қола медаль болды. 2022 жылғы Олимпиада ойындарында бізде медаль болған жоқ.
- Бұл спорт саласындағы жүйелі өзгерістердің нәтижесі ме, әлде бір реттік көрсеткіш пе?
- Бұған төрт жылдан кейін баға беруге болады. Өйткені 2030 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстанда медаль саны өсе ме, спортшылар қандай нәтиже көрсетеді, мысалы шорт-тректен, фристайл-могулдан ізбасарлар шыға ма немесе қазіргі Милан Олимпиадасындағы құрама әрі қарай дами ма, спортшылар Олимпиадада жинаған тәжірибесін жүлдеге айналдыра ала ма - осының бәрін төрт жылдан кейін бағалай аламыз. Ал биыл бір алтын берген 19-орын - Қазақстан үшін жетістік.
Михаил Шайдоров. ҰОК/ Сали Сабиров
- Кейбір cарапшылардың сөзінше, фристайл-могул, шорт-тректе кері кету бар. Италияда могулдан шешуші финалға шыға алмадық. Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаға осыған дейін үш Олимпиадаға қатысқан тәжірибесі көмектеспеді. Қазақстанда осы және басқа да спорт түрлеріне қандай өзгерістер керек?
- Фристайл-могул мен шорт-тректен бізде буын алмасу процесі жүріп жатыр. Оны ескеруіміз керек. Себебі Юлия Галышева пен Павел Колмаков 2018 және 2022 жылғы Олимпиадаларға қатысты. Юлия Галышева 2010 жылдан бері қатысып келе жатыр. Бірнеше Олимпиадаға қатысып, түбі бір медаль алып берді. Қазір Қазақстан атынан қатысып жатқан Анастасия Городко, Аяулым Әміренова - жастар, бұл олардың екінші Олимпиадасы ғана. Алдағы Олимпиадада олар міндетті түрде жүлдеге таласуға тырысатынын білемін. Бастысы дұрыс жаттығу мен дұрыс жүйе керек. Сондай-ақ, шорт-тректен де мықты балалар өсіп келе жатыр. Олардың нәтижесін келесі Олимпиада ойындарында бағамдай аламыз. Қазір осы екі спорт түрінде буын алмасу процесі өтіп жатыр. Бастысы бұл процесті жеңіл, пайдалы өткізіп, жаңадан шығып келе жатқан спортшыларды қолдап жіберу керек.
Абзал Әжіғалиев. Сали Сабиров/ҰОК
- Миландағы Олимпиада сіз қатысқан сегізінші Олимпиада екен. Олимпиадаға журналист ретінде барып, басы-қасында болып жүрсіз. Бұл жолғы Олимпиаданың ерекшелігі неде?
- Бұл Олимпиада бүкіл әлем талқылаған, адамдар қатты қызыққан Олимпиада болды. Басында қазақстандықтар "Олимпиада өткенін сезбей жатырмыз, қашан басталып кеткен?" деген әңгіме айтып жатты. Оқып, көріп отырдым. Шайдоров алтын алғаннан кейін бүкіл Қазақстан Олимпиада көріп кеткендей болды. Мәнерлеп сырғанауда спортшылар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің жеңісі үшін қатты қуанып, басқа спорт түрлерінде де спортшылар бір-бірін құттықтап, бүкіл спортшы жайнап, жарқырап жүрген Олимпиада болды.
- Бұл Олимпиада несімен есте қалады деп ойлайсыз?
- Биыл жанжал, шу өте аз болды. Иә, бір-екі шу болған шығар. Мысалы шана спортында украиналық спортшы соғыста қайтыс болған жандардың суретін шлеміне жабыстырып шыққаны деген сияқты бір-екі оқиғалар ғана болды. Жалпы Олимпиада кезінде үлкен шу көп болады. Кейде спортшылардың жетістігі тасада қалады да, орнын осындай шулар басып кетеді. Бірақ бұл жолы жанкүйер назары көбіне спорттағы жетістіктер мен жеңістерге ауды. Спорт, нәтиже, жетістіктер талқыланды. Бұл Олимпиада осымен есте қалды.
Айта кетейік, биыл Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері алғаш рет қысқы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алды. Осылайша Қазақстан қысқы Олимпиада тарихында екінші рет үздік көрсеткішке қол жеткізді. Медаль кестесінде Қазақстан 19-орынға жайғасты. Жалпы есепте Норвегия көш бастады. Екінші орынды АҚШ иеленсе, үздік үштікті Нидерланд құрамасы түйіндеді.
Сұхбаттасқан: Руслан Базарбаев
Massaget.kz