Тоқаев халықаралық гимнастика ұйымдарының жетекшілерін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық гимнастика ұйымдарының жетекшілерін қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Халықаралық гимнастика федерациясының президенті (FIG) Моринари Ватанабэмен және Азия гимнастика одағының (AGU) президенті Абдулрахман Әл-Шатримен кездесті. Әңгімелесу барысында елімізде гимнастика спорты түрлерін дамыту және насихаттау бойынша ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев FIG және AGU ұйымдарының Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауын жоғары бағалады.

Президент бүгінде елімізде гимнастиканың балалар мен жастар арасында танымалдылығы арта түскенін атап өтті. Көптеген жергілікті залмен қатар, ұлттық құрама жаттығатын және халықаралық жарыстар ұйымдастырылатын үш арнаулы кешен жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі әрі бірегей Гимнастика орталығының құрылысы басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауқымды спорт іс-шараларын өткізуде айтарлықтай тәжірибе жинағанына тоқталды. Мемлекет басшысы еліміз спорт саласын дамыту және ірі халықаралық додаларды өткізу бойынша бірлескен бастамаларды қарастыруға дайын екенін растады.

Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстан басшылығының кәсіби және бұқаралық спортқа көрсетіп отырған қолдауына оң баға берді. Меймандар еліміздің даңқын әлемдік ареналарда асқақтатып жүрген қазақстандық атлеттердің жетістігіне ерекше назар аударды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!