Тарихи сәт: Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына салтанатты түрде енді

Канастота қаласында (АҚШ) Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан тарихында алғаш рет осы таңдаулы қауымдастықтың мүшесі атанған спортшы - Геннадий Головкин, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданған. Бұл - кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары құрметтердің бірі. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді бокс тарихының ұлы тұлғаларымен қатар тұр.

ҰОК баспасөз қызметі

"Класс 2026" тізіміне мына спортшылар енген:

  • Men’s Modern санаты: Геннадий Головкин (Қазақстан), Антонио Тарвер (АҚШ), Найджел Бенн (Ұлыбритания)
  • Women’s Modern санаты: Наоко Фудзиока (Жапония), Джеки Нава (Мексика)

Айта кетейік, Геннадий Головкин әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, 345-інде жеңіске жеткен. Сонымен қатар, көп жыл бойы Қазақстан құрамасының көшбасшысы болып, ел намысын әлемдік деңгейдегі ең ірі жарыстарда абыроймен қорғады.

Геннадий Головкин кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін орта салмақта үстемдік ететін чемпиондардың біріне айналды. Оның еншісінде 45 жекпе-жек пен 42 жеңіс бар. Оның 37-сі нокаутпен аяқталған.

Ол WBA, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып, The Ring журналының беделді белбеуін иеленді. Сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшылардың әлемдік рейтингінде (Pound-for-Pound) көш бастады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!