Футболдан қазіргі әлем чемпионы Франция құрамасы Катардағы мундиальді жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
D тобындағы кездесуде француздар Аустралиямен күш сынасты. Ойын аустралиялық футболшылардың голымен басталды. 9-минутта Крэйг Гудвин Аустралия футболшыларын алға шығарды.
Бірақ одан кейін тек француздар гол соқты. 27-минутта Адрен Рабьо есепті теңестірсе, бес минуттан соң Оливье Жиру қанжығасын майлады.
Шабуылда белсенді болған Килиан Мбаппе де алаңнан голсыз кетпеді. 68-минутта ол сол жақ қапталдан асырылған допты қақпада тулатты. Ал үш минуттан соң Жиру дубль авторы атанды. Бұл доппен Жиру Франция құрамасы тарихында үздік сұрмерген атанды. Енді Жиру мен Тьерри Анридің еншісінде Франция құрамасында 51 голдан бар.
Осылайша, Франция құрамасы қарсыласын 4:1 есебімен тас-талқан етті. Әлем чемпионы үш ұпаймен D тобында көш бастап тұр. Дания мен Тунисте бір ұпайдан бар, ал ұпай еншілей алмаған Аустралия соңғы орында.
Бұл топтың келесі матчтері 26 қарашада өтеді. Француздар Даниямен, ал Аустралия Туниспен күш сынасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!