Әлеуметтік желіде жаттығу залында еден жуып жүрген бапкердің видеосы кеңінен тарады. Ол балалар болашақта чемпион атануы үшін тек жаттығуы керек екенін айтады. Бапкердің бұл видеосы көпшіліктің ықыласына бөленіп, желі қолданушылары оның еңбегіне риза болды. Massaget.kz видео кейіпкерімен тілдесті.
Әлеуметтік желі қолданушылары бапкерге ризашылығын білдіріп, бұл ісі көпке үлгі екенін айтқан:
"Сіз балаларға керемет үлгі көрсетіп жатсыз, нағыз бапкер!!!", "Жарайсыз", "Тазалық бар жерде береке бар", "Тәрбие осыдан басталады".
Видеодағы бапкердің есімі - Нұрсұлтан Дарбаев, Атырау облысы Жылыой ауданы Қосшағыл ауылының тумасы. Оның сөзінше, 10 жасынан бері спортпен шұғылданады.
"Бапкерлікке келгеніме 4-5 жылдың жүзі болды. Ауылда спорт мектебі ашылды, ол жерде 3 жыл қызмет еттім. Кейін жеке зал ашып, өз алдыма жеке жұмыс істеп жатырмын", - деді ол.
Нұрсұлтан Дарбаевтың айтуынша, әлеуметтік желіде тарап жатқан видеодағы әрекеті - күнделікті істейтін жұмысы. "Мен үшін тазалық бірінші орында", - деп түсіндірді ол.
Желіде жұрттың қолдауына ие болған бапкер шәкірттерінің жетістігі туралы да айтты:
"Жаттығуға қатысқанына 1-2 жыл болған шәкірттерімнің бірі облыстан 3-орын алды. Ал тағы бір шәкіртім Жұмекен Нәжімеденов атындағы турнирден 3-орын алып, спорт шеберіне үміткерлігін қорғады. Шәкірттерімнен тазалық, адамгершілік және білімді талап етемін. Білім мен тазалық болса, кез келген бала жетістікке жетеді деп ойлаймын".
Нұрсұлтан Дарбаев болашақта залын дамытып, мектеп немесе академия ашуды көздеп отыр.
"Талантты балалардың бәрін жинасам деймін. Тек кішкентай балалар арасында емес, ересектер арасында да Олимпиада, Азия, әлем чемпиондарын шығарғым келеді", - деп түйіндеді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!