Танымал спортшы Ольга Рыпакова қызметінен кетті

Ольга Рыпакова Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лондон Олимпиадасының чемпионы, еліміздің даңқты спортшысы Ольга Рыпакова Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының құрметті президенті болып сайланды.

"Ол Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының мүшесі ретінде халықаралық ұйымдармен байланыс орнату, шетелдік мамандармен әріптестік аясында тығыз жұмыс істеу сияқты мазмұнды әрі маңызды қызмет көптігіне байланысты Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті лауазымынан құрметті президент лауазымына ауысты", - деп жазылған ұйымның баспасөз қызметі хабарламасында.

Ольга Рыпакова бір жыл бойы федерация президенті қызметін атқарған.

Ал Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметіне "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов тағайындалды.

Айта кетейік, жеңіл атлетика - еліміздегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазір Қазақстанда бұл спорт түрімен 360 мыңнан аса адам айналысады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!