Танымал шетелдік футбол клубының бұрынғы директоры Қазақстанда қызметке тағайындалды

Скотт Мунн Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚФФ-ға сілтеме жасап.

Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитеті Скотт Энтони Муннды 2030 жылғы 12 шілдеге дейін Бас хатшы қызметіне бекітті.

"Скотт Мунн 13 шілдеде қызметіне кіріседі. Мұндай жайт қазақ футболы тарихында алғаш рет болып отыр. Федерация басшылығына Ұлыбритания премьер-лигасында тәжірибесі бар, Еуропаның беделді турнирінің бірінде жеңіске жеткен тәжірибелі маман тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін ҚФФ президенті Марат Омаров Скотт Муннның кандидатурасын ҚФФ атқарушы комитетінің қарауына ұсынды.

Скотт Мунн - Ұлыбритания премьер-лигасында, Еуропа, Азия, Аустралияның футбол нарығында 20 жылдан аса тәжірибесі бар әлемдегі беделді футбол менеджерлерінің бірі.

Ол 2023-2025 жылдары Tottenham Hotspur клубында футбол жөніндегі директор қызметін атқарып, академияға, ерлер және әйелдер командаларына басшылық жасады. Оның жетекшілігімен клуб 2024/25 жылғы маусымда УЕФА Еуропа лигасының жеңімпазы атанып, Карабао кубогының жартылай финалына жетті. Скотт Мунн Tottenham Hotspur клубына келгенге дейін Қытайдағы City Football Group компаниясының бас директоры және "Сычуань Цзюньню" футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы болған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!