Танымал шетелдік футбол клубының бұрынғы директоры Қазақстанға қызметке келуі мүмкін

Tottenham Hotspur клубының футбол жөніндегі бұрынғы директоры Скотт Мунн Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы қызметіне ұсынылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚФФ-ға сілтеме жасап.

ҚФФ президенті Марат Омаров Скотт Муннның кандидатурасын ҚФФ атқарушы комитетінің қарауына ұсынды. Оның кандидатурасы белгіленген тәртіпке сәйкес атқарушы комитеттің алдағы отырысында қаралады.

Айта кетейік, Скотт Мунн - Ұлыбритания премьер-лигасында, Еуропа, Азия, Аустралияның футбол нарығында 20 жылдан аса тәжірибесі бар әлемдегі беделді футбол менеджерлерінің бірі.

Ол 2023-2025 жылдары Tottenham Hotspur клубында футбол жөніндегі директор қызметін атқарып, академияға, ерлер және әйелдер командаларына басшылық жасады. Оның жетекшілігімен клуб 2024/25 маусымда УЕФА Еуропа лигасының жеңімпазы атанып, Карабао кубогының жартылай финалына жетті. Скотт Мунн Tottenham Hotspur клубына келгенге дейін Қытайдағы City Football Group компаниясының бас директоры және "Сычуань Цзюньню" футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы болған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!