- Негізгі бет
- Спорт
- Таңданарлық жайт. Бірде...
Таңданарлық жайт. Бірде бір мұз айдыны жоқ өңірден шыққан қыз әлемді бағындырды
Қысқы универсиада ойындарының күміс жүлдегері атанған Малика Ермек бұл спорт түрі дамымаған өңірде дүниеге келген. Алайда әкесінің бастамасымен биік белесті бағындырған. Massaget.kz тілшісі спортшымен сұхбаттасып, қалай және қашаннан бастап шорт-трекпен айналысқанын сұрады.
Малика Ермек - қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті. Ол Жамбыл облысы Жаңатұрмыс ауылында туып-өскен. Маликаның бала кезінен шорт-трекпен шұғылдана бастауы - таңданарлық жағдай. Себебі Жамбыл өңірінде қысқы спорт түрлерімен шұғылданып жүрген спортшы жоқтың қасы.
Маликаны әкесі кішкентай кезінде мұз айдынына апарыпты. Таразда мұндай спорт кешені жоқ. Сондықтан шорт-трекпен кәсіби тұрғыда шұғылдану үшін әкесі оны Астанадағы спорт үйірмесіне берген.
"2011 жылы Алматы және Астанада Қысқы Азиада ойындары өтті. Әкем сол кезде шорт-тректен өткен жарысты барып көріп, қатты қызығып келді. Мені қысқы спорт түрі бойынша жаттықтыратын үйірмеге беремін деп сол кезде шешіп қойыпты. Алғаш коньки киіп, мұз айдынына шыққанда қорықтым. Үлкен бір жарысқа дайындық кезінде құлап аяғымды сындырып алғанда айдынға қайта оралмаймын деп ойлайдым. Қазір мұз айдынынсыз өмірімді елестете алмаймын", - дейді Малика.
Малика жаттығуларды Астана қаласында өткізеді. Жасөспірімдер арасында талай халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен. Ересектер санатында ұлттық құрама сапына шақырту алғанына көп бола қоймапты.
"Көрші Түркістан облысында қысқы спорт түрлерімен айналысатын жастар көп. Шымкентте мұз сарайы бар. Біздің өңірден шаңғышылар, шорт-трекшілер шықпай жатқаны бізде мұндай спорт кешені болмағандықтан деп ойлаймын. Бір ғана мұз айдынын салып берсе, аяғына коньки киюге талпынбайтын бала жоқ", - деді спортшы.
Маликаның ендігі арманы - Қысқы Олимпиадаға жолдама алып, жеңіс тұғырынан көріну. Сол үшін ол тынбай жаттығып, тер төгіп, еңбек ететінін айтты.
Жақында дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшыға Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов оқу грантын табыстаған.
Айта кетейік, Малика Ермек қаңтарда АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен ХХХІ Дүниежүзілік Қысқы универсиада ойындарында шорт-тректен 1500, 500, 1000 және 3000 метрлік эстафета және 2000 метрлік микс эстафетасында сынға түскен болатын. Оған әлемнің 50 елінен спортшылар қатысты.
Ардақ Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова