Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко 2026 жылғы Аичи-Нагоя Азия ойындарында тағы бір мәрте үздік шықты. Ол жекелей уақытқа жарыста топ жарып, мансабындағы бесінші Азиада алтынын иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл нәтиже Луценконың Азия ойындарындағы ерекше тұрақтылығын тағы бір рет дәлелдеді. Қазақстандық спортшы құрлықтық додада алғаш рет 2014 жылы Инчхонда жеңіске жеткен. Сол жолы ол жекелей жарыста алтын медаль алған еді.
Арада төрт жыл өткенде, Джакартада өткен Азия ойындарында Луценко бірден екі мәрте чемпион атанды. Ол топтық жарыста да, жекелей сында да қарсыластарынан басым түсті.
2022 жылғы Ханчжоу Азиадасында да қазақстандық велошабандоз жүлдесіз қалған жоқ. Жекелей жарыста алтын медаль иеленіп, топтық сында күміске қол жеткізді.
Ал Аичи-Нагоядағы биылғы додада Луценко жекелей уақытқа жарыста тағы да жеңімпаз атанып, Азия ойындарындағы алтын жүлделерінің санын беске жеткізді.
Осылайша, Алексей Луценко 2014 жылдан бері Азия ойындарындағы тасжол велоспорты жарыстарында үздік үштіктен түскен емес. Оның қоржынында қазір бес алтын және бір күміс медаль бар.
Қазақстандық велошабандоз үшін Азиада әлі аяқталған жоқ. 23 қыркүйекте Луценко топтық жарысқа шығып, тағы бір медаль үшін бақ сынайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!