Қазақстан таеквондо құрамасы 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына дайындықты бастап кетті. Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов olympic.kz сайтына берген сұхбатында алдын ала жасақталған құрам туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, ұлттық құраманың алдын ала тізімі айқындалған.
"Қазір ерлер арасында 80 келіде Батырхан Төлеуғали, 58 келіде Тамерлан Тілеулес және аса ауыр салмақта Бейбарыс Қаблан Азия ойындарына қатысады. Ал әйелдер арасында 57 келіде Тоғжан Қазынабек, аса ауыр салмақта Назым Махмұтова ел намысын қорғайды. Басқа салмақтарда жарысқа баратын спортшылар әлі анықталмады", - деді ол.
Бапкер құраманы жасақтау барысында осы жарты жылдықта өткен халықаралық турнирлердің, Азия чемпионатының және бірінші кезекте Қазақстан біріншілігінің нәтижесі ескерілгенін мәлімдеді.
"Осы жарыстарда өздерін жақсы қырынан көрсеткен спортшыларды таңдап алдық. Бірнеше салмақ дәрежесінде жүлдеге таласамыз деп жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл мақсатқа жету оңай болмайды. Соған қарамастан, бар күшімізді саламыз", - деді Есбол Сұлтанов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!