Футболдан бүгін түнде өтетін Словения мен Қазақстан құрамалары арасындағы ойынға еуропалық клубтардың скауттары келеді. Олар ұлттық құрама ойыншысы Максим Самородовтың ойынын бақыламақ, - деп жазады JAY Sport телеграм арнасы.
"Стожице" стадионында өтетін кездесуге Австрияның "Рапид" және Италияның "Торино" командасы скауттары келмек. Олар Қазақстан құрамасының шабуылшысына көз тігіп отыр.
Бұған дейін 21 жастағы футболшыға австриялық клуб қызығушылық танытқан. Сондай-ақ Түркияның "Трабзонспор" командасы да қазақстандық ойыншыны қатарына қосқысы келетіні жазылған.
Максим Самородов – Ақтөбе футболының түлегі. Ұлттық құрамаға 2021 жылдан бастап шақырту ала бастады. Өткен маусымда "Ақтөбе" командасы сапында 24 ойын өткізіп, 5 гол соқты, 4 нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталы ойыншының трансферлік құнын 900 мың еуро көлемінде деп көрсеткен.
Словения – Қазақстан ойыны Астана уақытымен түнгі 01:45-те басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!