Шымкентте бес вагонды сүйреген алып күш иесі рекорд орнатты

Шымкентте бес вагонды сүйреген алып күш иесі рекорд орнатты
Фото: Видео кадры

Шымкентте қара күш иесі Артық Досалиев жаңа рекорд орнатты. Ол салмағы 120 тонна болатын бес теміржол вагонын орнынан жылжытты. Досалиев 21 метр 40 сантиметр қашықты еңсерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.

Оқиғаны көрермен мен Қазақстан рекордтар кітабының өкілі бақылаған. Нәтиже ресми түрде тіркелгеннен кейін Артық Досалиев бұл жетістікке ұзақ дайындалғанын және психологиялық тұрғыда да көп еңбектенгенін мойындады.

Артық Досалиев - пауэрлифтингтен спорт шебері, бес дүркін әлем чемпионы, екі мәрте Еуропа чемпионы, Азияның сегіз дүркін жеңімпазы. Бұл жетістігін спортшы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнады.

"Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында осындай рекорд орнатып, батыр ата-бабаларымыздың рухына құрмет көрсетуді жөн санадым. Бүгінгі рекордымды соларға арнаймын. Келесі жылы Жеңіс күніне орай 6, 7, 10, тіпті 20 вагон тартуға ниеттімін", – деді Артық Досалиев.

"Рекорд таза болуы үшін алдын ала жолды тексердік. Кейін Артық Досалиев сүйреген қашықты өлшедік. Мұнда болған барлық адам – куәгер. Қазақстанда бұған дейін мұндай рекорд тіркелген емес", – деп мәлімдеді Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget