Шығысқазақстандық ұстаз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алтын алды

Шығысқазақстандық ұстаз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алтын алды
Фото: Видео кадры

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шығысқазақстандық ұстаз Аяш Қабдоллаева дәстүрлі садақ атудан пута нысанасы бойынша алтын медаль иеленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы әлеуметтік желіде ерекше видео жариялады. Кадрда спортшы жеңімпаз жарияланған сәтте көз жасына ерік беріп, қуанышын жасыра алмағаны көрінеді.

Қазақ елі спортшыны құттықтап, желіде жылы лебізін жазды.

"Керемет, жеңіс құтты болсын!", "Қазақ әйелінің күші, шіркін-ай!", "Жеңіс құтты болсын, Аяш апай!", "Аяш апай жарады! Мектепте бірге жұмыс істеп едік. Құтты болсын!"

"Ақ желкен" журналының мәліметінше, Аяш Қабдоллаеваның негізгі мамандығы - бастауыш сынып мұғалімі. 20 жыл бойы мектепте сабақ беріп, көптеген шәкірт тәрбиелеген.

Ол 1997 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы Глубокое кентінде тұрады. Өзі - Тарбағатай өңірінің тумасы.

"Ұстаздық қызметімен қатар, садақ ату спортымен де айналысады. Былтыр Оңтүстік Кореяда дәстүрлі садақ атудан 130 спортшының ішінде әлем чемпионы атанған. Бұл спорт түріне оның отбасы да жақын. Күйеуі де, келіні де садақ атумен шұғылданады", - деп жазылған мәліметте.

Жергілікті Instagram парақшалардың дерегіне сүйенсек, ол 51 жаста.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget