Әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь теннисшісі Арина Соболенко Штутгартта (Германия) өткен WTA 500 турнирінің финалында өзі үшін жаңа «жойқын көлік» сатып алатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
21 сәуір күні өткен финалдық кездесуде Соболенко латвиялық теннисші, әлемдік рейтингте 18-орында тұрған Елена Остапенкомен кортта жолықты. Кездесу нәтижесі 2:0 (6:4, 6:1) есебімен Остапенконың пайдасына аяқталды.
Финалдан кейінгі сұхбатында Арина Соболенко Еленаға жақсы ойын үшін алғыс білдіріп, турнирдегі жеңіс сыйлығы – автокөлікті ала алмаған соң, дәл сондай машинаны өзі сатып алуға шешім қабылдағанын айтты.
"Жеңіліске қарамастан, өзіме дәл сондай көлікті сыйлауға шешім қабылдадым. Финалдан кейін бірден тапсырыс беріп қойдым – күлгін түсті 911 GT3 RS. Соңғы уақытта финалдарда жеңіле беруімнен шаршағандаймын. Сол себепті Porsche-дің ең ерекше моделін таңдадым. Енді Майами көшелерінде зулауға дайынмын", – деп қалжыңдай сөйледі Соболенко.
Айта кетейік, Штутгартта өтетін дәстүрлі WTA 500 турнирінде жеңімпазға Porsche компаниясы жыл сайын жаңа көлік табыстайды. 2024 жылы бұл сыйлық – Porsche Taycan 4S болды. Финал бойы көлік корт жанында орнатылып, теннисшілерге мотивация берген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет