“Шок болдым“. Назым Қызайбай Әлімханұлының допинг дауына қатысты пікір білдірді

“Шок болдым“. Назым Қызайбай Әлімханұлының допинг дауына қатысты пікір білдірді
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly/nazym_kyzaibay09

Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Контекст

Желтоқсанның басында WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг-сынамадан кейін дауға қалды. Оның қанынан тыйым салынған мельдоний табылғаны айтылды. Осыған байланысты оның кубалық Эрисланди Лараға қарсы үшінші титул - WBA үшін өтуге тиіс жекпе-жегі тоқтатылды.

Әлімханұлы және оның командасы сараптама нәтижелерін жоққа шығарып, боксшының тамақтануы мен витаминдер кешеніне еш өзгеріс енгізбегенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, қазақстандық боксшының командасы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін VADA ұйымынан "B" сынамасын ашуды сұраған.

Назым Қызайбай не деді?

Tengri Sport редакциясы Назым Қызайбайдан жағдайға қатысты пікірін сұраған. Назым Жәнібекті жеке танитынын айтып, мұндай деңгейдегі спортшы допингті әдейі қолданбайды деп сенетінін жеткізді. 

"Шынымды айтсам, шок болдым. Оның жекпе-жегін қатты күткенмін. Таңертең оянсам, жаңалық толып тұр. Қатты көңілім түсіп кетті. Мұнда да ішкі "саясат" бар сияқты. Білмеймін, мүмкін Жәнібектің дәл Ларамен бокстасқанын қаламаған шығар. Бәрі күткен еді. Мен Жәнібекті танимын. Меніңше, Жәнібек сияқты спортшылар ондайға бармас еді. Тіпті біз, әуесқой боксшылар да, артық немесе тыйым салынған ештеңе ішпейтінімізді білеміз, бірақ допинг тапсырғанда бәрібір қорқыныш болады. Ал оларда бәрі әлдеқайда қатаң. Ол ондай тәуекелге бармас еді деп ойлаймын. Өзі жеке ондай нәрсе ішпеген шығар. Мүмкін оның "аяғынан шалған" болар немесе қате кеткен шығар", - деді Назым Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

Назым Қызайбай туралы

Назым Қызайбай Қазақстан тарихында бокстан әлем чемпионаттарында ең көп жетістікке жеткен спортшы ретінде аталды. Ол алғаш рет 2014 жылы алтын алып, кейін 2016 және 2025 жылдары жетістігін қайталады. Осылайша оның қоржынында Қазақстан үшін рекорд саналатын 3 әлемдік титул бар.

Париж-2024 Олимпиадасында Назым 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget