Шегінерге жол жоқ. Германия қатарынан екінші рет топтан шыға алмай қала ма?

Шегінерге жол жоқ. Германия қатарынан екінші рет топтан шыға алмай қала ма?
Фото: Reuters

Бүгін Катардағы әлем чемпионаты аясында Е және F тобындағы ойындар өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

16:00-де Жапония мен Коста-Рика арасындағы матч басталады. Екі құрама әлем чемпионатын екі түрлі бастады. Жапондар Германияны 2:1 есебімен жеңіп, сенсация жасаған. Ал Коста-Рика Испаниядан 0:7 есебімен оңбай жеңілген болатын.

Бүгін жапондар Коста-Риканы жеңсе, әлем чемпионатының плэй-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін арттырады.


Фото: Reuters

Ал әлем чемпионатындағы ең ірі жеңілісіне ұшыраған Коста-Рика құрамасының жағдайы қиындау. Команда 2014 жылғы жетістігін қайталағысы келсе, қалған екі турда сенімді жеңуі керек. 2014 жылы құрама ширек финалға дейін жеткен, алайда 2018 жылы топтан шыға алмай қалған болатын.


Фото: Reuters

Негізі Жапония мен Коста-Рика төрт рет жолдастық матч өткізіп, үшеуінде азиялық құрама жеңген, бір ойын тең аяқталыпты. Соған қарағанда Коста-Рика биыл да Ресейдегі көрсеткішін қайталауға жақын тұр.

Елорда уақытымен 19:00-де Бельгия мен Марокко алаңға шығады. Бельгиялықтар чемпионаттағы алғашқы матчінде Канадады 1:0 есебімен жеңген. Канада сол матчте еуропалықтарды біраз әбігерге салған еді. Дегенмен 1:0 есебімен жеңген Бельгия қазір топта көш бастап тұр.


Фото: Reuters 

Ал Марокко бірінші турда әлемнің вице-чемпионы Хорватия құрамасымен тең түсті - 0:0.

Африкалық құрама әлем чемпионатындағы ойында 1998 жылдан бері жеңіп көрмеген. Жанкүйерлер де сол сәтті асыға күтіп жүр. Хорваттарға қарсы ойында ұпай алған Марокко енді Ресейдегі мундиальдің қола жүлдегеріне де қарсылық көрсете алады.


Фото: Reuters

Осы топтағы екінші ойын 22:00-де басталады. Хорватия мен Канада өзара кім мықтыны анықтайды. "Шақпақ түстілер" Ресейдегі жетістігін қайталағысы келеді. Бірақ сол төрт жыл бұрынғы құрамнан төрт ойыншы ғана қалды. Қартаймайтын Лука Модрич әлі бабында. Команда жеті матч бойы жеңілмей келе жатыр. Бірақ өткен турда Марокко қақпасынан саңлау таба алмай, 2006 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының матчінде гол соқпады.


Фото: Reuters

Канада да бірінші матчте гол соға алмаған, бірақ Бельгия қақпасына 21 соққы жасаған еді. Альфонсо Дэвис пенальтиден гол соға алмаған болатын.

Солтүстік Америка өкілі мундиальге екінші рет қатысып жатыр, 1986 жылы топтық кезеңдегі үш ойында да жеңіліп қалған. Сондықтан канадалықтар тым болмаса бір ұпай алуға асық. Ал топтан шыққысы келсе, бүгін Хорватияны жеңуі қажет.


Фото: Reuters

Бүгінгі ойын күнінің ғана емес, жалпы 2-турдың орталық матчі түнгі 1:00-де басталады. Испания мен Германия құрамасы кездеседі. 2010 жылы әлем чемпионы болған испандар турнирді ірі жеңіспен бастады - Коста-Риканы 7:0 есебімен тас-талқан етті. 


Фото: Reuters

Ал немістер сенсациялық жеңіліске ұшыраған - жапондарға 1:2 есебімен жол берді. Немістер 1978 жылғы әлем чемпионатынан бері алғаш рет бірінші таймда жеңіп жатып, жеңіліп қалды. Бүгін азулы испандардан жеңіліп қалса, қатарынан екінші рет мундиальдің плэй-офф кезеңіне шыға алмай қалуы мүмкін.


Фото: Reuters

Испания мен Германия кейінгі рет 2020 жылы кездесті. Сол кезде испаниялықтар Ұлттар лигасында неміс құрамасын 6:0 есебімен тас-талқан еткен. Оның алдындағы екі кездесу 1:1 есебімен аяқталған. 

Статистиканың бәрі Испания жеңеді деп тұр, бірақ неміс машинасы оңайлықпен жеңіле қоймас. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш