Шайдоров көптен бергі арманы орындалғанын айтты

Шайдоров көптен бергі арманы орындалғанын айтты
Фото: ҰОК

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) мәнерлеп сырғанаудан 2027 жылғы төрт құрлық чемпионаты Астанада өтетінін ресми түрде жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көптен бергі арманы орындалғанын айтты.

"Өте қуаныштымын. Бұл - мен үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де үлкен жеңіс. Көп жыл бойы ISU жарысы туған елімде өткенін армандадым. Сол арманым ақыры орындалғанына қатты қуаныштымын. Олимпиада ойындарындағы жеңісімнен кейін Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың танымалдығы айтарлықтай артты. Бұл үдеріс жалғаса бергенін қалаймын. Алдағы маусымға тыңғылықты дайындаламын және төрт құрлық чемпионаты жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйлап, олардың жадында ұзақ сақталады деп сенемін", - деді Михаил Шайдоров.

Айта кетейік, жарыс 2027 жылы 9-14 ақпан аралығында өтеді.

Еске салайық, Михаил Шайдоров 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сында алтын медаль жеңіп алған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget