Шорт-тректен Қазақстан құрамасының өкілі Абзал Әжіғалиев Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында 500 метр қашықта сынға түсті. Отандасымыз ширек финалда жарыс жолын аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Спортшы жарыстан кейін өз өнеріне баға берді.
"Мәреге төртінші болып келген сәтте бәрі белгілі болды. Себебі келесі кезеңге бірінші және екінші орын алған спортшылар немесе үшінші орын иеленгендер арасында үздік нәтиже көрсеткендер шықты. Нидерланд спортшысы жоғары қарқынмен жүгірді, озуға мүмкіндік бермеді. Мен үшін басты міндет артымнан қуып келе жатқан үш спортшыға өз орнымды бермеу болды. Алайда италиялық спортшы менен екі есе жылдам екен. Бір сәтті ұстап қалғым келді. Бірақ ол ұтымды әдіс қолданып, алға шықты. Бұл шорт-трек болған соң артта келе жатқан қарсыласты көрмейсің. ...Әр Олимпиадаға медаль үшін барамын. Бұл жолы оңай болған жоқ. Соған қарамастан барлық іріктеу кезеңінен өтіп, ел намысын абыроймен қорғадым деп ойлаймын. Бұл - менің төртінші Олимпиадам. Әр додада жанкүйерді қуантуға тырыстым. Өкінішке қарай, бұл жолы ол мақсатқа жете алмадым", - деді спортшы.
Абзал Әжіғалиев жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілгенін жеткізді.
"Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алтын алғаннан кейін көпшілік шорт-тректен де медаль күтті. Дегенмен қолымнан келгеннің бәрін жасадым", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова