Шавкат Рахмоновтың әйеліне сот үкімі шықты

Танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың әйеліне қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлайым Рахмоноваға қатысты істі қарады. Бұл іс абайсызда 2 адамның өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу дерегі бойынша қаралды.

Сот мәліметінше, 2025 жылы 27 шілдеде сағат 8:30 шамасында Р. Алматы-Екатеринбург тасжолында Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеген.

"Шаршаңқы күйдегі Р. жол ережесін бұзған, кейін көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шыққан, осылайша көлік аударылған", - деп жазылған сот мәліметінде.

Салдарынан 2 жолаушы (айыпталушының досы мен әпкесі - еск.) қаза тапқан, айыпталушының өзі ауруханаға жатқызылған.

Сот отырысы

Гүлайым Рахмонованың кінәсі тараптардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденген. Жәбірленуші тарап оны кешіріп, талап арыз бермеген. Сот мәліметінше, Гүлайым Рахмонова кінәсін мойындамаған.

Сот үкімі

Айыпталушының 2-9 жас аралығындағы 4 баласы бар. Сот мұны істі жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ауырлататын жайттар анықталмаған.

Сот үкімімен Р. ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі бойынша жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейінгі жағдай

Еске салайық, 2025 жылы 27 шілдеде республикалық маңызы бар Алматы-Екатеринбург тасжолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі Қарағанды облысынан Алматы қаласына қарай келе жатып, тізгінге ие бола алмай, жол апатына ұшыраған еді.

Жол апаты салдарынан екі адам қаза тауып, екі адам ауруханаға жеткізілді.

Бұған дейін Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы ауруханадан шығарылғаны хабарланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!